Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » КҮШ АТАСЫ – ҚАЖЫМҰҚАН

КҮШ АТАСЫ – ҚАЖЫМҰҚАН

Қажекеңнің (Қажымұқан Мұцайтпасов) тек білек күш иесі ғана емес екенін, оның парасатты, ойшыл, намысшыл, зейінді адам болғанын бір ғана автор (Ж.Бектұров. «Күш атасы», 248-б.) жазбайды, оны бәрі өздерінің естеліктерінде дәлелдеп келтіреді. Талиға Бекқожина «Әншілігі де бар еді» деген әңгімесінде: «Көпшіліктің сұрауы бойын­ша Қажекең қолына домбыра алып, қоңыр дауысымен шырқай жөнелді:
Атандым Қажымұқан бала жастан,
Ішінде империяның болдым асқан,
Кешегі Омскінің қаласында
Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан», –
деп жазады. Бұл шумақ Қажекеңнің әншілігін, шы­ғармашылық өнерін байқатса, «Ал қазақтың қара сөзін мақалдап, мәтелдеп сөйлегенін, соның үлгісін мен Қажекеңнен көрдім» дей отырып, Ә.Қоңыратбаев: «Әттең, ол кісінің сөзін магнитофон лентасына да түсіре алмаппыз», – деп өкінішін білдіреді. Маркс Қазыкеновтің Бәтима апайдың (Қажекеңнің бірінші әйелі) өз аузынан жазып алған Қажекең туралы әңгімесі маған өте ұнады. Себебі өз басынан кешкен өмір шындығы, жұртшылыққа аттары әйгілі болған, сол уақыттағы палуандардың дұрыс берілген мінездемелері, қай жылдары, қай жерде күрескені – тарихи шындық. Бәтима апай Қажымұқанның 1914 жылы Вестергад Шмидтпен Нижний Новгородта кездескені жөнінде: «Шмидт тәжірибелі палуан ғана емес, сонымен бірге пайда іздеген алаяқ ретінде де танылған болатын. Бұл кездесудің өз пайдасына шешілмейтіндігіне көзі жеткен ол Қажымұқанмен тек жеке жүлде үшін күресетінін мәлімдейді. Жүлдені 100 сомға бағалайды. Қалтасында ақшасы жоқ, амалы таусылған Қажымұқан жиналғандардан көмек сұрайды. «Топ ішінен екі жас жігіт шығады да, төрешіге 100 сом ақша тастайды. Олар Нұрлан және Абдолла Есбергеновтер еді» дейді.
1970 жылдары болуы керек, белгілі жазушы Зейін Шашкиннің үйінде бір фотосуретке көзім түсті. Қарасам, ортасында еңгезердей, бұлшық еттері бұлтылдаған, жалаңаш, жалғыз шолақ дамбалмен тұрған Қажекең, ал екі жағында біреуі орысша (еуропаша), екіншісі кавказша, басында ақ сеңсең бөрік, әдемі, сол уақыттағы модамен киінген екі қазақтың жас жігіттері. Үй иесі Мариям жеңгемізден «Мына жігіттер кім?» деп сұрасам, «Бұ­лар: Абдолла – менің әкем, Нұрлан – әкемнің інісі, семейліктер. Н-Новгород жәрмеңкесіне барып жүр­генде Қажымұқанмен кездесіп түскен суреттері» деді. Бәтима апай айтқан Нұрлан мен Абдолла осы фотосуреттегі жігіттер болып шықты. Олардың сондай ерлік, азаматшылық жасағанын «Күш атасы» кітабынан оқып білдік. Сол «Күш атасында» (15-29-б.б.) Қажымұқанды көрген, білгендердің ішінде ең ма­ңыздысы – Бәтима апайдың естелігі және оны жазып алған Маркс Қазыкеновтің зор еңбегі.
Осы «Күш атасы» кітабының кіріспесінде Ғазизбек Тәшімбаев: «Қажымұқанның замандас­тары, ол кісіні көзімен көргендер азайып барады. Көпшілігін (көргендердің – Қ.Ә.) көре алмай қалдық», – деп өкінеді. Бірақ осы уақытқа дейінгі Қажымұқан жөніндегі шығармалар – Қ.Әбдіқадыровтың «Қа­жы­мұқан» кітабы, М.Танекеевтің 1964 жылғы зерттеу еңбегі, Ә.Бүркітбаевтың деректі повесі – келесі ұрпаққа үлкен мұра.
Қажекеңді көрмегендердің бірі Тұманбай Мол­дағалиев:
«Бөліп берген олжасын бар адамға,
Алғыс алып анадан, ағадан да.
Қажекеңді көргендер бақыттырақ,
Көрмей қалған біздерге қарағанда», – деп өкінішін білдіреді. Дұрыс қой. Ал біздің міндетіміз – көрген, білгендерімізді жариялап, айтып кету. Сол көргендердің, Омбы жағындағы Қажекеңнің отбасымен араласып жүргендердің біреуі мен едім.

Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениет­танушы, ҚР мәдениет қайраткері. Адырна.

Пікір жазу