Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » Сенген адамына шық жуытпаған

Сенген адамына шық жуытпаған

Аты аңызға айналғаны соншалық, бүгінгі ұрпаққа ертегі батырындай болып елестейтін Қажымұқан бабамыздың сырт бейнесі де ерекше болғанға ұқсайды. Бұл ретте Қажекеңді спорт журналисі И.Д.Булга­ков: «Ол Геркулес десе, дегендей екен. Бір қарағанда, ол адамнан гөрі, шойыннан құйған сом тұлғаға ұқсайтын сияқты, бойы ұзын және қанжырдай тартылған.

Бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттері бір керемет!» – деп сипаттаса, жазушы Дихан Әбілев: «Жартас кеудесі жалғанның жартысындай, бұлшықты білек­тері дөңбектей, бура сан, піл сирақ денесіне лайық құж-құж құлақтары, жырым-жырым еріндері жартасқа түнеген қара бұлттай қалың қабағының астында жанған ошақтай қос жанарлы ұясы үлкен екі көзі, соқтала біткен сом бітімді мұрны – бәрі-бәрі ертегіден естіген дәулеріміз тәрізді қияпат береді», – деп суреттейді.

Осыған қарап, жұртшы­лықтың Қажымұқан­ды тек қана «қара күш иесі» деп ойлайтыны рас. Шындығында, Қажекең ақындығы, әншілігі, сөзге ұсталығы бір басына жетіп-артылатын сан қырлы тұлға болыпты. Мәселен, Қажымұқан өмірін зерттеуші­лердің бірі, әдебиетші-ғалым Ә.Қоңырат­баев: «Қазақ­тың қара сөзіне, ұтымды әзілі­не Қажекеңнен ұста адамды сирек кездес­тірдім. Мақал-мәтелдерді, ел аузындағы шешендік сөздерді араластырып, орынды қолданатын. Әзіл үстінде біреуді сөзбен ұтып кетуге де ұста», – дейді.

Сонымен бірге ол өте қазақы, мейлінше табиғи адам болған. Біреуге сеніп қалса, оған шық жуытпаған, ал өтірігін бір байқаған адамға ешқашан қайтып сенбеген. Батырларға тән аңғалдығы да басым Қажекең көңілді отырған кезінде жастық шағынан естелік айтып, қызықты әңгімелерімен айналасын серпілтіп отырған. Және ол кісінің құлаққа жа­ғым­ды қоңыр даусы болған және көбі­не­се домбырасын қолына алып, ғашықтық әндерін, әсіресе Балуан Шолақтың «Ғалия», Біржан салдың «Жонып алды», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әндерін айтқан. Осы орайда, Қажымұқан жайлы еңбек жазғандардың бірі, белгілі жазушы Сәуір­бек Бақбергенов: «Оның қолынан Қаратау­дың үшқатынан жасаған кішкене сұр домбыра түспейтін. Күй емес, қоңырлата әдемі саз тарта­тын. Кейде оған қосылып, үңгірден шыққан дауыстай, күмбірлеген қоңыр үнмен ән салатын», – деп жазған.

Дереккөз: alashainasy.kz

Пікір жазу