Біз балуанның шаршы алаңдағы жекпе-жектеріне емес, былайғы өмірдегі ерліктеріне, азаматтық болмысына, өнерге деген көзқарасына үңілуге талпындық. Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай Қажымұқанның ізінен ерген аңыздар жайында бірнеше қызықты деректі алға тартады. Мысалы, ол аңыз әңгімелер бүй дейді:
«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСТАРЫ» ҚАЖЫМҰҚАН КӨТЕРГЕН ТАСТЫ ҮШ-ТӨРТЕУІ ЖАБЫЛЫП КӨТЕРЕ АЛАР МА ЕКЕН?
1923 жылы маусым айында (кей деректерде 1921 жылы) Қажымұқан Баянауылға келіп өнер көрсетеді. Халық «Қажымұқанды көреміз» деп соңынан шұбырып еріп жүреді екен. Балуан атамыз үстінен кісі толы ат арба өткізеді, Мойнына рельс қойып, оның екі жағына он-оннан 20 адам мінгізіп көтереді. Кеудесіне ауыр тас қойып, оны бір жарым пұттық балғамен ұрып сындыртады. Қысқасы, неше түрлі ойын көрсетіп, жұртты таң-тамаша етеді. Баянауылда Субек ұста деген досы болыпты. Қаншама сән-салтанаты жарасқан, тұрмысы жақсы үйлер бола тұра, Қажымұқан осы Субектің үйінде жатыпты. Субектің үйі жұпынылау, өзі кедей адам екен. Халық Қажымұқанның ойынына ақша салады дейді. Сонда кішігірім қапшық толатын ақша жиналса керек. Қажымұқан қайтарда әлгі ақшаны ортаға қойып: «Мә, мына ақшаны сен ал, мен жолыма жететінін ғана қалдырайын. Қам-қажетіңе жарат», – дейді. Субек өмірінде дүние жимаған, ұсталықпен күн көрген данышпан кісі екен. «Мен сенен ақша алсам, үйіме жатқаның үшін жамбасақы алғандай боламын», – деп азар да безер болыпты. «Үйбай-ау, енді қайттік? Мен сенің бала-шағаңа нәпақа болсын деп ем. Достың досқа көмектескенінде тұрған не бар? Сен үшін не істейін, өзің айтшы», – депті Қажымұқан. Әбден амалы таусылған Субек: «Онда анау таудан өзің көтере алатындай тасты есігімнің алдына әкеп қойып бер. Ұрпағымызға біздің достығымыздан белгі сол болсын», – дейді. Қажымұқан таудан үлкен тасты «әуп» деп көтеріп әкеп, досының үйінің алдына «дік» еткізіпті. Сол тас әлі күнге дейін тұр. Тастың үлкендігі нән жігіттің бойындай. Жанымдағы 4-5 жолдасыма сол тасты көрсетіп: «Мынаны Қажымұқан көтерген» десем, бастарын шайқайды таңданып. Кем дегенде тонна шығады-ау сол тас. Бәріміз жабылып, Қажымұқан көтерген тасты ырғап көрдік. Тіпті мызғымады да. Қазіргі «Қазақстан барысының» үш-төртеуі жабылса да, әлгі тасты көтере алмайды-ау…
Жадыра Нармаханова
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)