Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Тұлға » ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ПОДДУБНЫЙМЕН ДОСТЫҒЫ

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ПОДДУБНЫЙМЕН ДОСТЫҒЫ

Поддубный мен Қажымұқан тізе қосқанда жеңбеген балуаны қалмаған. Қажымұқан досын ылғи «Ваня» деп сыйлап өткен. Поддубный соғыс біткен жылдары аштан, таршылықтан өліпті. Украинаны жау басып алғанда, көшеде балпаңдап жүрген Поддубныйға немістер тиіспейді екен. Дүниежүзіне аты мәшһүр болған балуан өмірінің соңында ішер асқа, киер киімге жарымаған.

Өмірден өтер шағында: «Қазақстанда Қажымұқан деген досым бар еді, соған апарыңдаршы», – деп жалынумен болыпты деген әңгіме бар. Тіпті, Поддубный Қазақстанға келіп, Шымкенттің бе, әлде Арыстың вокзалынан қайтыпты деседі. Поддубныйдың өзін іздеп жүргенін Қажымұқан да естиді. Сосын досын жанталасып Қажекең де іздейді. Жүгіріп вокзалға келсе, Поддубный мінген пойыз жаңа ғана орнынан қозғалып бара жатыр екен дейді. Қажымұқан жалма-жан, жолаушылар мінетін тұтқаға жармасыпты. Оған жүріп кеткен пойыз тоқтай ма, ашынған Қажекең вагонның тұтқасын омырып жұлып алып қалыпты деседі.

Қажымұқанның соңғы арманы ескі досын бір көріп, әңгімелесіп мауқын басу болыпты. Бұл әңгімелерді хатқа түспеген ел аузындағы аңыздар десе де болады. Халық сүйген перзенті жайында неше түрлі ғажайып аңыздар шығарады. Дегенмен, мұндай аңыздардың түбінде әрдайым ақиқат жатады.
Қажымұқан да өмірінің соңында тұрмыстың қиындығын көп көрген. Үкіметтен қамқорлық сұраған хаттары да бар.

Жадыра Нармаханова
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)
(Тақырыбы өзгертілді) 

Дереккөз: alashainasy.kz

Пікір жазу