Президент былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғанын еске салып, сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шыққанын ерекше атап өтті. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі ету керегін айтқан Мемлекет басшысы Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға Алғысын жариялады, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжанов «Парасат» орденімен, «Ә. Марғұлан атындағы археология институты» РМК бас директоры Бауыржан Байтанаев және №2 қалалық аурухананың дәрігері Есенгелді Бегешев «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ спортшы Ксения Ханға «Ерен еңбегі үшін» медалі, «№ 89 IT мектеп-лицейінің» тәрбиешісі Әсем Үсеноваға «Шапағат» медалі табыс етілді.
Сонымен қоса, мемлекет басшысы жиында алмағайып заманға тап келгенімізді түсіндіріп, көршілес елдерде қарулы қақтығыстар болып жатқанын айтып өтті.
– Алпауыт мемлекеттердің санкциялық текетіресі жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Осындай күрделі кезеңде халықтың ауызбіршілігі айрықша маңызды. Берекенің көзі – ынтымақта. Бұл сөздің астарына үңілсек, береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат. Ел тыныштығын сақтай алсақ қана, өсіп-өркендей аламыз. Бізге сыртқы жау да, ішкі дау да қажет емес. Сондықтан, сыртқы саясатта бейтарап ұстанымды сақтап отырмыз. Бұл ұстаным халықаралық қоғамдастықта жоғары бағаланады және еліміздің түпкі мүддесіне сай келеді. Ал ішкі саясатта бірлік пен татулыққа баса мән беруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы аса күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
– Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз. Біздің сыртқы саясатымыз бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болады. Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.