Шымкент қаласындағы атшабарда аударыспақтан 2000-2005 жылы туған жастар арасындағы XVII ҚР чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа еліміздің барлық аймағынан, жалпы 202 спортшы келген.
Бүгін ел чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Іс-шарада аударыспақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Нұркен Байбөриев, Шымкент қаласы ұлттық және ат спорты түрлері клубының директоры Данияр Мыңбаев аталған сайыс алдағы халықаралық жарыстарға іріктеу екенін атап өтті.
Шымкенттегі жаңа атшабарда 9 салмақ бойынша аударыспақтан ел чемпиондары анықталмақ. Олар алдағы Азия чемпионаты және келесі жылы көшпенділер ойындарына қатысады. Қазіргі уақытта аударыспақ спорты еліміздің барлық аймағында қарқынды дамып жатыр. Биылғы чемпионатқа қатысушылар арасында Азия чемпионаты, ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары бар екенін айта кеткен жөн.
ҚР чемпионатына Шымкент қаласынан 22 спортшы жүлделі орындарға таласып көрмек. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Айта кетейік, Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып, 20 742 адамға жетті. Бұл туралы Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді. 2022 жылдың статистикалық қорытындысына сәйкес, шымкенттіктердің 42 пайызы, яғни 498 852 адам дене тәрбиесімен айналысып, спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтар оның 4.1 пайызын құрап отыр. Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді. «Кешенді спорт клубында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыcпақ, жекпе-жек, жамбы ату, конкур, көкпар, теңге ілу, бәйге бойынша 10 бөлім жұмыс істеп тұр. Бүгінде ұлттық спорттың 10 түрінен 107 оқу тобы жасақталып, онда 1082 спортшы жаттығып жүр. Ал, жас спортшыларды өз саласының білгір 54 оқытушы-жаттықтырушысы баптап жүр», — дейді мамандар. Қазіргі таңда ұлттық спорт түрінен ҚР Еңбек сіңірген 2 жаттықтырушы еңбек етіп келеді.
Сонымен қатар, ҚР жасөспірімдер, жастар, ересектер құрама командасының тізімінде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 4 Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 ҚР спорт шебері, 111 Спорт шеберіне үміткер және І спорттық дәрежедегі 57 спортшы бар.