Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ГОСПИТАЛЬДЫҚ ФАРМАЦИЯ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ГОСПИТАЛЬДЫҚ ФАРМАЦИЯ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласында алғаш рет №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды. Бөлімшенің ашылу салтанатына Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков пен аурухана дәрігерлері қатысты.
№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында қолға алынған бірегей жобаның берері мол. Өйткені мұндай жоба бұған дейін бірде-бір медициналық мекемелерде енгізілмеген екен. Жалпы, Түркістан облысы­ның өзінде госпитальдық фармация атау­ымен бөлімшелер жоқ.
Бұл жоба дәрігерлердің тағайын­дауы бойынша дәрілік заттарды уақытылы және сапалы дайындау және буып-түюге айтарлықтай көмегін тигізбек. Қажетті дәрілерді медициналық ұйымның клиникалық бөлімшелеріне жеткізу жұмысы айтарлықтай жеңілдейді. Одан бөлек, дәрігердің тағайындауы бойынша пациенттер пайда­ланатын дәрілік заттардың дербестен­дірілген есебін жүргізу де оңтайлан­дырыла­­­тын болды. Негізі бұл процесс бү­кіл әлемде бұрыннан қолданылып ке­леді.
Сондай-ақ халықаралық талаптардың біріне айналған жобаның пилоттық
ке­зеңінде шығындарды азайту көзделіп отыр. Себебі бюджет қара­жатын үнемдеу, сондай-ақ медициналық препараттарды пайдалануды бақылау, дұ­рыс емес тағайындауларды барынша азайту көзделген. Өйткені әрбір тағайындау бүге-шүге­сіне дейін қайта тексеруден өтеді. Яғни науқас­тың жасы, салмағы, қарсы
көрсет­кіш­тері мен тәуліктің дозасы секілді т.б. па­рамет­рлер бойынша қайта бақылау жүргі­зіледі. Бұның барлығы бөлімшеде қызмет атқаратын 26 маманның бақылауында болмақ. Ал­дын ала есептеулер бойын­ша №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында бюджет 20 пайызға дейін үнем­деуге мүмкіндік бе­реді деп жоспарланған.
«Денсаулық сақтау саласын цифрландыру – басқарманың басты мақсаттарының бірі. Өйткені, препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыру уақыт талабына айналып отыр. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері де автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімнің бірегей тұсы да осы, дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ қате дәрі-дәрмек тағайындау қаупі әжептәуір азаяды. Қала әкімі Ғ.Әбдімәжитұлының тапсырмасымен дәрі-дәрмекке бөлінетін бюджетті үнемдеу және тиімді пайдалану қолға алынған. Осыған байланысты іс-жоспар да жасалынды. Яғни, биылғы жылы Шымкент қаласында 6 медициналық ұйым ашу жоспарланған,- дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Айта кету керек, госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу мекеменің өз бюджетінен жасалынған.

Пікір жазу