Шымкент қаласындағы №89 «Шамшырақ» бөбекжай-балабақшасында Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «ӨРЛЕУ» БАҰО»-ның ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті. Жалпы, семинарда ұлттық дәстүрді ұлықтап, жаңа технологиялармен ұштастырып, оқу-тәрбие жұмысын түрлі әдістермен жүргізу жолдары айшықталды. Сонымен қатар, ата-аналарға кеңес беру жұмыстарын көрсетіп және «Отаным-тағдырым» тақырыбында қойылған тарихи-музыкалық бағдарламаны семинар қонақтары ерекше ықыласпен тамашалады. «Рухани жаңғыру» – мемлекеттік барлық салаларының сапалық тұрғыдан жаңаруына негізгі іргетас болатын идеялық тұғырнама. Халықтың тарихы, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі – рухани құндылықтарымыздың қайнар бастауы. Ата-бабаларымыздың ұлттық кодын бізге жеткізетін – қазақтың мәдени әлемі. Ол – бұрынғы өткен ғалымдардың жұмыстары, эпикалық мұралар, музыка, архитектуралық ескерткіштер. Қазіргі күнде осы құндылықтардың барлығы қайта жаңғыртылып, сақталуда, – деді жиынға қатысушылар.
Сонымен қатар, семинарға қатысушылар арасында бағдарламалық мақаланың идеяларын жүзеге асыру мен білім беру қызметінің сапасын арттыру жолдары және «Мәңгілік елге» айналу идеясының шешуші бағыттары да әңгіме өзегіне айналды.