Түркістан облысы Мақтаарал және Жетісай аудандарының ұйымдастыруымен ішкі туризмді дамытып, бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін терең өңдеу арқылы кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру, диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау, бақша өнімдеріне сұранысты жоғарылату арқылы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық «Қауын фест» фестивалі өтті.
Фестивальге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай, Түркістан облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев, облыстық мәслихат депутаттары, өңір ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, этномәдени орталықтардың төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтаған облыс әкімі Жансейт Қансейтұлы дәстүрдің мән-маңызы зор екенін атап өтті.
Іс-шараға облыстың 8 ауданынан шаруалар өз өнімдерін әкеліп, көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, спорттық жарыстар мен карвингшілер сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең дәмді қауын» сияқты номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздар облыс әкімінің арнайы сыйлығымен, дипломдармен марапатталды.
Ә.Ә.
Азат Дидарбектің фоторепортажы