Биыл Жетісай ауданында 50 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жетісай ауданында 2019 жылдың жазғы кезеңінде балалар және жасөспірімдердің жазғы демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ондағы мақсат – балаларды қадағалаусыз қалдырмау, денсаулығын нығайтып, қауіпсіздігі мен шығармашылық дамуына қажетті жағдай жасау.
Жалпы биыл ауданда жазғы кезеңде демалыспен қамтылуы тиіс 1-10 сынып оқушыларының саны 41066-ны құрап отыр. Осы мақсатта бүгінде аудандағы 70 білім беру мекемесінде тамақсыз жұмыс істейтін мектеп алды алаңдары ашылып, бастауыш сыныптардың 15706 баласы қамтылмақ.
«Биыл Жетісай ауданының бюджетінен жалпыға міндетті білім беру қорынан жазғы маусымда жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасылары мен аз қамтамасыз етілген отбасы балаларын қала сыртындағы лагерде демалдыру мақсатында 20 млн теңге қаржы қаралды.
Қазіргі таңда Түлкібас ауданында орналасқан Б.Саттарханов атындағы қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерінде 570 оқушыны демалдыру жұмыстары жүріп жатыр», — дейді Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсынбай Мырзалиев.
Бұдан бөлек, 4 — 15 тамыз аралығында Арыс қаласынан әскери қойма жарылысынан зардап шеккен 70 оқушыны Б. Саттарханов атындағы қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерінде демалдыру жоспарлануда.