Әлеуметтік мәселелердің дені оң шешімін тапқан Түлкібас ауданында жол саласында ауқымды жөндеу жұмыстары іске асуда.
Бүгін Түлкібас ауданының әкімі Н.Тұрашбеков аудан аумағындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан біршама жолдар мен көпірлерді аралап, жұмысымен танысты.
Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бірінші кезекте аудан басшысы Т.Рысқұлов пен Түлкібас кенті бағытындағы ұзынды 7 шақырымды құрайтын жолдың күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Аталмыш жолда 4 мал өтуге арналған өткел және бір көпір бар. Яғни, алдағы уақытта ауыл тұрғындары малды көліктер ағылып жатқан жолдың үстінен өткізбей, жол астында өткел арқылы өткізетін болады. Жолдың Т.Рысқұлов ауылы жағынан 2 шақырымы, Түлкібас кенті шегіндегі 1,5 шақырымына түнгі жарықтандыру, лоток және жаяу жүргіншілерге арналған жол салынып, толығымен абаттандырылмақ.
Бұдан соң аудан әкімі Жаскешу ауылдық округіндегі күрделі жөндеу өтіп жатқан көпірдің жұмысымен танысты. Көпірдің жалпы ұзындығы 54 метр, ені 13,5 метрді құрайды. Нысан ағымдағы жылдың қазан айында аяқталып, пайдалануға берілмек.
Келесі кезекте аудан басшысы аудан орталығындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Қарағашты-Бақыбек (ұзындығы 1,9 шқ) және Иманов көшелерінің (ұзындығы 1 шқ) жұмыстарын тексерді.
Аудан әкімі әр нысанды аралау барысында мердігерлер мен мекеме басшыларына жөндеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімінен кешіктірмеуді тапсырды.