Түлкібастық алты баланың анасы өз кәсібін бастады, деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі.
Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында тірліктерін дөңгелете бастаған аудан тұрғындарының бірі Жібек Жұмабекованың алғысы шексіз.
— Мен Жұмабекова Жібек Кемербастау ауылдық округіне қарасты Күмісбастау ауылының тұрғынымын. 6 баланы өсіріп, тәрбиелеп отырған көп балалы анамын. Өзім мектепте еден жуушы болып жұмыс жасаймын. Осы уақытқа дейін қанша еңбектеніп, тыраштансақ та ақша құрғырдың жетпейтіні жанымызды қынжылтатын. Жанарлары жәутеңдеп жанымда жүрген балаларымның болашағын ойлап мазасызданатынмын. Оларды қалай оқытып, қалай үй-жай етемін деп те көп ойлайтынмын. Ондай жағдай кез-келген ата-ананың басты проблемасы болатыны анық. Үкіметтен алатын аз-маз жәрдемақым мен айлығым біріне жетсе, біріне жетпей қалатын. Тартып, таянып жоқтан бар шығарған күндеріміз де болды. Бірақ, қазір жағдайымыз мүлде өзгерді. Елбасымыздың және жаңа Президентіміздің сарабдал саясаты мен шығарған үкімінің арқасында бізде мәре-сәре болып қалдық. Жылына 1591030 теңгені құрайтын көмек берілді. Бұл көрсеткіштің біздер тек 3 айды құрайтын теңге мөлшерін алдық. Соған 2 сауынды, бұзаулы сиыр алып, аузымыз аққа тиіп отыр. Артылған сүт пен айранды, қаймағымыз бен сүзбемізді дүкенге өткізіп, балаларды керек-жарағымен қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жақындап қалдық. Бізге осындай үлкен көмек көрсетіп, алға сүйреген басшылық пен үкіметке алғысымыз шексіз. Бала-шағаларының қызығын көріп, көп жасасын деп тілек айтқым келеді. Енді мен осы мал шаруашылығын дамытып, қолдан келгенше үкімет тарапынан көрсетілген көмектер арқасында жағдайымды жақсартып аламын деген сенімдемін.