Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы Арыс қаласына жұмыс сапарымен келді.
Аудан басшысы Мақтаарал ауданы мен Шығыс Қазақстан облысына бекітілген 8-секторды аралап көріп, атқарылып жатқан құрылыс, тазалық жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, ауданнан арнайы көмекке келген ерікті азаматтардың қал-жағдайларынан хабар алды.
Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мұнан соң Бақыт Насырханұлы Ергөбек, Ибрагимов, Аймауытов, Дулатов, Отаров, Салықбаев және Қазыбек би көшелерін жаяу аралап, тұрғындармен тілдесті. Жарылыстан зардап шеккен жеке тұрғын үй секторларында атқарылып жатқан құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарына деген тұрғындардың көзқарасын білді және ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
Өз кезегінде тұрғындар 8-секторда атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары мен тазалық жұмыстарына, мамандар тарапынан көрсетіліп отырған медициналық қызмет пен гуманитарлық көмектерге алғысын білдіріп, оң баға берді.
«Құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізіп, жігіттер күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Сметада көрсетілмеген кейбір жерлерімізді де өтінішімізді жерге тастамай істеп беруде. Қиналғанда қолұшын созған барша азаматтарға, Президентімізге үлкен рахмет айтамыз» — деді тұрғындар.