Шардара ауданына қарасты мемлекеттiк мекемелерде ұзақ жылдар жемiстi қызмет атқарған Зейнедiлова Ұлдықыз Жәлелқызы зейнетке шыққанымен әлi күнге дейiн қоғамдық жұмыстан шет қалған емес. Ұ.Жәлелқызы қазiргi таңда аудандық Аналар кеңесiнiң төрайымы, аудандық коғамдық келiсiм кеңесiнiң, аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторинг топтың мүшесi болып қызмет атқарып жүр. Биылғы жылдың қаңтар айында «Мейiрiм» жастар қоғамдық бiрлестiгiн құрып, аталған бiрлестiкке жетекшiлiк ете бастады. Сонымен қатар орталық базардағы «Жания» сауда үйiнен қолөнер бұйымдары мен табиғи тұрмыстық балалар киiмдерi мен төсенiштерiн қолдан жасап сататын шағын дүңгiршек ашты.
–Бүгiнгi күнi ауданымызға көршi мемлекеттерден келiп жатқан тауарлар халыққа қол жетiмдi, көрiнiсi әдемi сәндi болғанымен, синтетика талшықтарынан жасалуына байланысты балаларға зияны өте жоғары болып тұр. Сол себептi қолдан келгенше бесiк жасауы, балалар төсенiшi, конверттер, ойыншық бесiк, кокон және коляскаға арналған төсенiштердi табиғи мақта өнiмiнен тiгiп дайындауды қолға алдық — дейдi Ұ.Зейнедiлова. Кейiпкерiмiз сонымен бiрге 2019 жылдың «Жастар жылы» болып бекiтiлуiне орай жастарға қолдау көрсету мақсатында қоғамдық бiрлестiктi жаңа форматта ашып, аудан көлемiнде жұмыссыз жүрген жастарға қолдау көрсетiп, халқымыздың ежелден келе жатқан көне де iзгi дәстүрiн қазiргi заманымызға лайықтап, заманауи қолөнердi дамытуға кiрiскенiн айтты.
–Бұл кәсiптi ашуда жастарға табыс көзi болатын жұмыс орнын ашу басты әлеуметтiк мәселелердiң бiрi екендiгiн ескердiм. Мен жұмыс орнын ашу үшiн қаражаттан бiраз қысылған болатынмын. Бiр өкiнiштiсi биылғы жылы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтiк жобаларды дамыту Қоры жариялаған «Әрекет» жобасына отбасы жағдайына байланысты қатысы алмай қалғаным. Өзiңiз көрiп отырғандай бүгiнгi күнi қолдан келгенше әрекет жасап, өз есебiмнен тiгiншiлiкке екi кызды жұмыспен қамтамасыз етiп отырмын. Жұмыс жасаймын деген жастарға есiгiм ашық және тiгiншiлiктi өзiм үйретемiн. Бойымдағы тiгiншiлiк өнер – қаннан берiлген қасиет, қазiргi тiлмен айтсам хоббиiм. Түрлi әлеуметтiк жобаларға қатысу арқылы болашақта кәсiбiмдi ұлғайтып, жастарды көптеп жұмысқа тартатын боламын, — дейдi Ұ. Жәлелқызы.
Көне өнер мен ұлт денсаулығын, әлеуметтiк мәселелердi баса назарда ұстап, ұлттық нақыштағы заманауи өнiмдер шығаруға бел буған Ұ.Жәлелқызының кәсiбiне береке, денiне саулық тiлеймiз.
Р.ПЕРДЕБЕК.
«Өскен өңір газеті.