Шардара ауданы әкімі Қайрат Жолдыбай Егізқұм және Ақ алтын ауылының тұрғындарымен кездесуі кезінде ең көп көтерілген мәселе – ағын су мен ауыз су болды.
Бұл туралы Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Егізқұмдықтардың айтуларынша егістік алқаптағы канал жүйесі әбден ескірген. Арық-атыздар ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмегендіктен суға кететін шығын да көп. Дәл қазіргі күйіп тұрған шілде айында суға қолы жетпеген диқандар қауымы ашына сөйледі. Тік дренаждар жұмыс істемейді. Соның салдарынан жер сорланып барады. «Қазсушар» мекемесіне ауыл диқандарының қарызы 5 млн теңгені құрайды екен. Бұл сомаға ауыл диқандары келіспейтінін айтып, әлі күнге егін суара алмай отырғандарын жеткізді. Ауылдың су мұрабтары болса егістік алқапқа су апаратын каналдарды жекеден алып, мемлекет меншігіне өткізсе деген өтініштерін білдірді.
Ағын су жөніндегі шаруалардың өтінішін мұқият тыңдаған Қайрат Жолдыбайұлы жедел арада комиссия жіберіп, тиісті қорытынды шығаратынын айтты.
Егізқұм ауылының тұрғындары сонымен бірге учаскелік полиция уәкілінің жұмысына көңілдері толмайтынын, шаруа қожалықтарға берілетін тыңайтқыштың жетіспейтіні сияқты мәселелерді де жасырмай айтып өтті.
Ақ алтын ауылының тұрғындары біраз уақыттан бері таза ауыз суға қолдары жетпей келе жатқандарын және арық-атыздардың жарамсыздығы, егістік алқапқа су жетіспеуі сияқты проблемалар бұл ауылда да көп қозғалды. Ақсақалдар жағы жекеменшік малдар үшін жайылым жердің мәселесін көтерді.
Жиынды қорытқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай:
–Ағын су мен ауыз судың проблемасы барлық ауылдарға ортақ екенін байқап отырмын. Бұл бойынша арнайы бағдарлама түзіп, шешу жолдарын қарастыратын боламыз. Тиісті мамандардан комиссия құрылып, оң шешілу үшін жұмыс жүргізетін боламыз, — деді.