Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҚАСҚАСУЛЫҚТАРМЕН КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚАСҚАСУЛЫҚТАРМЕН КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Төлеби ауданында  Қасқасу ауылдық округіне жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесін және бірқатар мәселелерді талқылау үшін жиын өтті.

Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Жұмысшы топтың қорытынды есебінің басында аудан басшысы жеке кәсіпкер Дүйсебаев Көбейдің ағаш тілетін цехын, Жамбаев Жангелдінің үйіргелік жеріне еккен бақшасын, Ақынбеков Қасымбайдың атаулы әлеуметтік көмек алып, инкубаторда балапан өсіруін, «Атамекен» шаруа қожалығының сауынды биелер бағып, қымыз өндіріп отырған жұмысын көрді. Содан соң қасқасулықтармен өткен жиында жұмысшы топ бірқатар мәселелерді атап өтті.

Бірінші болып бастаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Ашрапов ауылдық округтегі 15 азық-түлік дүкенінің 3-і тұрғын үй актісіне тіркелгендігін, 1 дүкеннің лицензиясы алынбай, осы уақытқа дейін құжаттары заңдастырылмағанын айтты. Сонымен қатар, жаңадан тұрғызылған үйлер ескі құжаттарымен тіркелген және бұрыннан салынған, бірақ осы күнге дейін үйлердің, қымызханалардың құжаттары рәсімделмеген.

Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Тұрғынбаев өз баяндамасында тұрғын үй соғу мақсатында тұрғындарға берілген 33 жер учаскелерінің қазіргі таңда бос жатқанын айтты. Сондай-ақ зерделеу жұмыстары бойынша Қасқасу ауылдық округіндегі 828 тұрғын үйдің 578-і үйіргелік жерлерін тиімді пайдаланып, көкөніс, картоп дақылдарын ексе, 250 үй тек қана жеміс-жидек ағаштары мен жоңышқа дақылдарын егіп пайдалануда. Ауылдық округке қарасты елді мекендердің ішкі арықтарының бүгінгі жағдайында Қасқасу елді мекенінде – 700 м, Жоғарғы Қасқасу елді мекенінде – 320 м, Кеңесарық елді мекенінде – 2600 м, Керегетас елді мекенінде – 500 метр тазалау жұмыстарын жүргізу керек.

Ал, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Н.Оспанов көгалдандыру мақсатында егілген ағаштарды күтіп ұстау бойынша қоршау, суғару жұмыстары ұйымдастырылмағанын, елді мекендердегі орталық көше бойлары тікен, шөптерден, күл-қоқыстардан тазартылмағанын жеткізді.

Баяндамашылар есебін аяқтаған соң аудан әкімі Б.Омарбеков тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкіміне Қасқасу ауылдық округіндегі тұрғын үй ретінде алынған, бірақ демалыс аймағы ретінде пайдаланып жатқан жерлер мен рұқсатсыз салынған үйлердің құжаттарын қайта рәсімдеуді, округ тұрғындарына ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану жолдарын түсіндіру мен мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыруды, елді мекендерде көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бар мүмкіндігі бар қасқасулықтарды жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Тұрғындар да өз тараптарынан округті дамытуға қатысты ойларын білдіріп, ашық талқылауға салды.

Пікір жазу