Қазығұрт ауданындағы елді мекендерді сапалы таза ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірде «Таза ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында қыруар шаруалар атқарылып жатыр. Талай жыл құдық суын пайдаланып келген тұрғындардың осылайша әлеуметтік мәселелері оң шешімін табатын болды.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Н.Мұхамеджанұлының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Биыл Қазығұрттағы 3 ауыл құбырдан аққан таза ауыз суға қол жеткізеді. Шарапхана, Қарабау, Жұмысшы ауылдарындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, аудан бойынша 64 елді мекендегі 101 мың тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстары басталғалы ауданның 30-ға жуық азаматы тұрақты жұмыспен қамтылды. Солардың бірі — Сейітжан Әбішев.
Сейітжан Әбішев — жұмысшы: Фирма ашылғалы бері жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Айлығымыз уақытылы беріп жатыр. Авансты да уақытылы ала аламыз. Басшыларға рахметімізді айтамыз.
Жұмысшы ауылындағы ауыз су құбырының құрылыс жұмыстарына мемлекеттен 127 млн теңге бөлінген. Жерасты суын тартатын ұңғыма қазылып, ауыл көшелеріне құбыр тартылды. Бұл істі «Ақ жол ЛТД» ЖШС қолға алған. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталуға жақын.
Мұхамеджан Отарбаев – «Ақ жол ЛТД» ЖШС учаске басшысы: Қазіргі таңда жұмыс аяқталуға жақын. Тағы екі аптаның ішінде жұмыс бітіп, ауылға су береміз. Ал, пробалық суды беріп жатырмыз шетінен. Айдың соңына таман ауыл 100% ауыз сумен қамтылады.
Өткен жылы аудандағы 11 елдімекенге ауыз су берілді. 2019-2024 жылдар аралығында аудан халқының 99,8 пайызы таза ауыз сумен қамтылады деген жоспар бар.