Арыс қаласының балалары Павлодар облысына демалуға аттанған болатын. Жас жеткіншектер Баянауылдағы «Жас Даурен» лагеріне орналасты. Олар осы өңірдің таза ауасын жұтып, тамаша табиғатында киелі жерлермен танысатын болады.
Арыс қаласындағы төтенше оқиғадан кейін Павлодар облысы 300 баланы демалыс орындарына қабылдай бастады. Арыстан келген балалар мен бастап келген тәрбиешілерді Баянауылдағы «Жас Дәурен» лагерінде демалуда.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі А.Мәуленнің материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
ИРАН ТЕМІРОВ — «ЖАС ДӘУРЕН» ОҚУ-САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: -«Жас Дәурен» оқу-сауықтыру орталығы Арыстан келген 130 баланы күтіп алдық. Сол 130 балаға арналған арнайы біз жаңа бағдарлама жасадық. Жалпы балалардың көңіл-күйі көтеріңкі. Бәрі жақсы. Қолдан келгенше біз балаларға жағдай жасап жатырмыз. Мысалы, бүгін балаларға арналған «Қош келдің» деген концерт ұйымдастырдық
Балалар медициналық тексерістен өтіп, психолог мамандар әр баламен жеке жұмыс жүргізуде. Олар Арыста болған оқиғаны әлі де қорқынышпен еске алатынын айтады. Бірақ қазір көңілдерінің көтеріңкі екендігін жасырмады.
АҚЕРКЕ ҚҰРАЛБЕК- Арыс қаласының тұрғыны: — Біз Арыс қаласында тұрамыз. Біз Павлодарға қарасты Баянауыл деген жерге келдік. Бұл жердегі «Жас Дәурен» орталығында демалып жатырмыз. Бұл жер өте керемет, ауасы да таза. Бізді осы жердегі адамдар жақсы күтіп алды. Біз ырзамыз. Енді келсек те, өте бауыр басып қалдық.
Баянауылдағы «Жас дәурен» лагерінде «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып жатқан 15 студент ерікті түрде көмекке келді. Олар лагердегі топтарға жетекшілік жасайды.
ЕРКЕБҰЛАН ШАМШАТОВ – ЕРІКТІ:— Бұл жаққа көмек ретінде келген болатынбыз. Менің ойымша, бұл көмек көрсету — азаматтық борышымыз, екінші жағынан мұсылмандық парызымыз. Қазіргі таңда балаларға жақсы жағдай жасалуда. Естен кетпес демалыс күндері өтуде. Соған біз өз септігімді тигізудеміз.
Сонымен қатар, Баянауыл ауданына қарасты кәсіпкерлер де бұл жағдайға бей-жай қарамады. Демалушы балаларды киім-кешек, гигиеналық заттармен қамтамасыз етті.Лагерде 5 мезгіл тамақ беріледі. Экскурсиялық бағыттар, түрлі іс-шаралар, оның ішінде спорттық, ән-би байқаулары, білім сайыстары ұйымдастырылады. Алдағы уақытта Павлодарға 170 бала барады деп жоспарлануда. Ол үшін облыста төрт жазғы лагерь белгіленген.