Арыстықтық балалар сұлу Көкшеде! 100 жуық бала Ақмола облыстық білім басқармасына тиесілі Шалқар ауданындағы «Чайка» мен «Сокол» сауықтыру орталықтарында демалуға кетті. Оларды теміржол вокзалынан тиісті сала мамандары күтіп алып, лагерьге жайғастырды.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Р.Бақытжанқызының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Арыстағы жарылыс салдарынан зардап шеккендердің балаларын туристік аймақ құшақ жая қарсы алуда. Бұл осымен Көкшетау жеріне демалуға келген балалардың екінші легі. Барлығы 100-ге жуық бала облыстық білім басқармасына тиесілі Шалқардағы «Чайка» мен «Сокол» балаларды сауықтыру орталықтарында демалатын болады.
Дина Нұрмұқанова — «Чайка» балалар демалыс лагерінің меңгерушісі: -Бүгін біз облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың арнайы тапсырмасымен Арыстағы 50 баланы қарсы аламыз. Олардың бізге демалуға келе жатқанына біз қуаныштымыз. Өйткені, лагеьде олар бастан өткендерін ұмытып, демалады, жаңа достар табады. Біздің аймақтың табиғаты тамаша, ауасы таза, көліміз бар, олар үшін арнайы тәлімгерлік бағдарлама әзірледік.
Арыстан келген балалар мен олардың тәлімгерлерін көкшетаулықтар әсем әнімен қарсы алды. Тәттілерден шашу шашты.
Бастарына іс түскенде жан-жақтан көрсетіліп отырған қолдау, көмекке арыстықтар алғыстары шексіз екенін айтады.
Мейрамгүл Жұмабаева — Арыс қаласының тұрғыны:
-Рахмет, Қазақстан халқына, қолдау көрсетіп отырған. Қазір 17 секторға бөлініп, қалада стройка жүріп жатыр. Өртенген үйлер сырылып, бұзылғандары қалпына келтірілуде. Күн болса, ыстық. Балалар лагері ұйымдастырылып жатқан соң, өзім де сұранып келдім. Әлі де өткен күндерден шокпыз. Әлі есімізден кетпейді. балаларға да қиын болды. Сіздерге рахмет.
Асылтай Нұртай- Арыс қаласының тұрғыны: -Көкшетауға келгеніме қуаныштымын. 10-11 күн демаламыз. Көкшетаудың әсем табиғатын тамашалайтын боламыз.
Алдағы уақытта арыстық 500-ден астам оқушы Ақмола облысындағы демалыс лагерьлері мен сауықтыру орталықтарында демалады деген жоспар бар.