Арыс қаласын қалпына келтіру Мемлекет басшысының тікелей назарында. Қазір қалада күндіз-түні құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Барлық секторда елге деген жанашырлық, жұмысты ерте аяқтауға деген құлшыныс бар. Сондықтан құрылысшылар уақытпен санаспай еңбек етуде.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Н.Мұхамеджанұлының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Нұрсұлтан Мұхамеджанұлы — тілші: Қазір күн ұясына батып, қараңғылық түссе де 1-сектордың құрылысшылары жұмысын тоқтатқан жоқ. Уақытпен санаспай жүктелген міндетті абыройлы тапсыруға ниетті. Қазір 90 квадрат метр үйдің іргетасы қаланып басталды. Екі ауысымда еңбек етіп жатқан құрылысшы мамандар тынымсыз еңбекпен үй иелеріне жаңа баспана тұрғызып беруге асық.
Мұндағы құрылыс қарқынын көріп, жаңа баспанасына кіруге асық тұрғындар сектор жауаптыларына алғыс айтады. Солардың бірі бес баланың анасы Әлия Болатқызы. 35 жылдан бері тұрып келген қара шыңырағына снаряд түсіп, жарамсыз күйге түскенде көңілі құлазыды. Бастың амандығына шүкіршілік етті. Бірліктің мызғымас үлгісін көрсеткен ағайынның татулығын көріп, көңілі шаттанды. Құрылысшылар күндіз-түні құрылыс қарқынын бәсеңдетпей екі ауысымда еңбек етіп жатқанда өзі де көмекке әзір тұр.
Жалпы Арыстағы құрылысқа еліміздің 14 облысы мен 3 қаласынан келген 5 мыңдай құрылысшы, 180-нен астам мердігер тартылған. Жергілікті тұрғындар да ақылы құрылыс жұмысына қабылданып, еңбек етуде. 1-сектордың өзінде 400 ге жуық үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 42 тұрғын үй қайта соғылуда.
Осылайша тынымсыз құрылысы жүріп жатқан ғимараттар мен тұрғын үйлер тамыз айында пайдалануға берілуі тиіс.