Түркістан облысы денешынықтыру және спорт басқармасы мен Шардара аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Жастар жылы» аясында гір тасын көтеру спортынан спартакида өтті. Облысымыздың барлық аудандарынан келген ересек спортшылар 7 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі Н.Мұхамеджанұлының материалына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Шардара ауданы бүгінде чемпиондар ордасына айналды. Қай спорт түрін алып қарасақта осы өңірден шыққан толағайлар табылады. Соңғы уақыттағы Еуропа және Париж қалаларында өткен чемпионаттарда еліміздің көк байрағын көкте желбіреткен жастарымыз бүгін қошеметке ие болды. Оларды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев марапаттап бағалы сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар ересектер арасындағы гір көтеру спортына келген барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жазира Муслимова — Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы: Шардара қаласында бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. Мақсаты жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға тарту. Ересек спортшылардың шеберлігін көрсете отырып жастарға ой салу.
Әлемді екі рет бағындырған палуан, бұл жарыста да бақ сынауға арнайы келді. Созақ ауданының тумасы Қобыланды Орынбасаров жарыс қызықты әрі тартысты өтуде дейді.
Қобыланды Орынбасаров – спортшы: Кім мықты сол жеңіске жетеді. Шыдамдылық пен күшің болса биіктен көрінесің. Ендігі мақсатым ересектер арасында әлемді бағындырып чемпион болғым келеді.
Жарыс қортындысы бойынша командалық есепте алғашқы орын төрінен Шардара ауданының спортшылары көрінді. Екінші орынға Созақтық жастар жайғасты. Ал, үшінші орын Түлкібас ауданының командасы лайықты деп танылды. Жүлделі орынға ие болған палуандарға медальмен бағалы сыйлықтар табыс етілді.