Кентау қаласының полицейлері демалыс күндері көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың жолын кесу, сонымен қатар тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында түрлі жедел іс-шараларды ұйымдастырып келеді.
Бұл туралы Түркістан облысы ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Аталмыш шаралар барысында полиция қызметкерлерінің арнайы күштері жұмылдырылып, ойын-сауық орталықтары, түнгі клубтар, дәмханалар, қалың жұртшылық түнгі уақытта көп жиналатын орындар тыңғылықты тексерілді.
Осындай кезекті іс-шараны атқару кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған 15 адам, жолда жүру ережесін бұзған 30 адам мен заңды өкілінсіз түнгі мезгілде қалада жүрген 6 жасөспірім анықталып, полицейлер тарапынан оларға тиісті хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, бірқатар жол ережесін бұзған құқықбұзушыларға полицейлер планшеттің көмегімен әкімшілік хаттамалар түзіп, айыппұлдар салды.
Түнгі уақытта серуендеген азаматтарға, арнайы мамандар бейуақытта жүргенде кездесуі мүмкін түрлі жағдайларды ескертіп, әрбір адамға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесіп, көңіл-көтеру орындары мен азаматтар жаппай жиналатын басқа да орындарда патрульдеген полицейлер іс-шараны алдағы күндерде де жалғастыра беретіндіктерін жеткізді.