Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Нұр-Сұлтан қаласында өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралған өзекті мәселелер мен оны облыс аймағында іске асырудың тиімді жолдарын талқылау мақсатында Саяси Кеңес мәжілісін өткізді.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мәжіліске «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Шөкеев Өмірзақ Естайұлы мен саяси кеңестің мүшелері мен қоғам өкілдері мен аудандық мәслихат хатшылары, фракция жетекшілері қатысты.
21 тамыз күні Елордада Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын.
Осы орайда, өңір басшысы Ө.Шөкеев жаңғырту бағдарламасына кеңінен тоқталып, облыста жүзеге асыру барысы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Бірінші, партияның белсенді мүшелерін айқындап алуымыз қажет. Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер жүруі керек. Екінші, жастар жылына орай, әкімдік, басқарма басшылары, зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып «Жас Отан» жастар қанатымен бірге диалогтық алаң құрып, пікір-сайыстар өткізуіміз қажет. Үшінші, сыбайлас жемқорлықпен күресте партиялық бақылау қажет. Төртінші, партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде көмек көрсетуі тиіс.
Бесінші, партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет. Алтыншы, облыстағы, аудандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды насихаттауда, өзекті мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдары айтуы керек, жазуы керек. Төртінші билік атанған БАҚ шынайы ақпарат таратып, объективті материал жариялауы қажет. Жетінші, Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауыл ел — бесігі» жобасы біздің облыста қарқынды жүзеге асуда. Осы халықтық жобаның жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын. Сонымен қатар, Түркістанның мәдени-рухани бағыттағы деңгейін арттыруға Партия филиалы «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы барынша ат салысуы тиіс», деді партия филиалының төрағасы.
Сондай-ақ, жиында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев облыстағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саладағы өзекті мәселелерді қамтыған баяндама жасады.
Мәжіліс барысында күн тәртібіне сәйкес «NurOtan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Н. Әбішев пен ақын, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық Университеті жанындағы «Айтыс» орталығының жетекшісі Б. Байтуов пен Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, «Маман» бастауыш партия ұйымының төрағасы А. Апбазов жарыссөзге шығып, қоғамдағы өздерін толғандырған мәселелермен бөлісті.
Жиын соңында Саяси кеңес мәжілісінің қаулысы қабылданды.