Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата заңым — Айбыным» атты мерекелік шарасы өтті.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «didarbek.kz» ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Салтанатты шараға қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов барша қала жұртшылығын мерекемен құттықтап, Ата заңның тәуелсіз Қазақстан тарихында алар орнының ерекше екендігін атап өтті.
«Ата заң — қастерлі құжат, тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. Оның іргетасы тарихтың терең түбінде жатыр. Ол дала тіршілігімен тығыз байланысты. Бүгінгі Ата Заңымыз ата-бабаларымыздың өмір сүру дағдысымен қалыптасқан, әз Тәукенің «Жеті Жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» секілді дала өмірінің заңнамалары жалғасы екендігі даусыз», — деді қала басшысы.
Егемен еліміздің негізгі Заңының қабылдануы — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болып табылатынын айтқан қала әкімі Ата Заң аясында бүгінгі халқымыз тыныштықта өмір сүріп жатқанын айтты өз құттықтау сөзінде.