Түркістан қаласының әкімі мен жауапты мамандар қалада салынып жатқан біршама нысандарды аралады, деп жазады Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
Әкімшілік-іскерлік орталықтағы 2019 жылдың тамызында басталған 24 жеті қабатты және осы жылдың қаңтарында басталған 39 он екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысын бақылады. 25 шақты мердігерлік мекеменің жұмысына бірқатар ескертпе айтып, құрылысты сапалы әрі уақытылы жасауды тапсырды.
Б. Саттарханов даңғылының екі жақ бөлігінде, 24 га аумақта салынып жатқан Желілік саябақ ұзындығы Шымкент шаһарынан Түркістанға кіре-беріс қақпадан Шәуілдір тасжолы бойына дейін жалғасады. 2019 жылдың қазан айында басталған жұмыстарды, осы жылы мамырда аяқтау жоспарланған. Мұндағы құрылыстың нәтижесінде орташа есеппен 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Қала басшысы шаһардың көркін келтірер саябақты жоба бойынша жүргізу мен уақытылы аяқтауды ескертті.
⠀
«Яссы» мөлтек ауданындағы газ құбырларының қарқынын көруге барған әкім А. Сүлейменов көшесінің тұрғындарымен кездесті. Олар аталған көшеге жарықшамдар орнатып, жолға тас төсеуді және көгілдір отынға қосуды өтінді. Рашид Абатұлы мамандарға газ жүйесін наурызда толықтай аяқтауды тапсырып, тұрғындарды сапасыз жұмысқа тап болмас үшін, келісім-шарт түзілген бес компанияның бірімен жұмыс жасауға шақырды.
«Бірлік» елдімекеніндегі газ құбырларын жүргізіп жатқан мердігерлік компанияның өкілдерімен кездесті. «Мен жұмысшылардың әр құрылысты жанашырлықпен жасағанын, ертеңгі күнде бір отбасын қуантамын» деген оймен сапалы жасағанын қалаймын. Олардың қызу тірлігін көрсем: «Айлығыңызды уақытылы беріп жатыр ма?», «Еңбегіңіз бағаланып жатыр ма?» деп сұрар едім» дей келе, күнара жұмыс барысын бақылайтынын баса айтты. Мамандар бұл жердегі жұмысты уақытынан ерте, наурыз айында аяқтаймыз деген уәдесін берді.
1-мөлтек аудандағы көпқабатты үйлердің жылу жүйесін анықтауға барып, мамандарға жылу сапасын үнемі қадағалауда ұстауды тапсырды.
«Отырар» ықшам ауданындағы инженерлік инфрақұрылым салу, су тарту жүйесі мен құрылымдары бойынша жұмыстарды қарады.
Әкім берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын анықтау үшін әр сенбі, жексенбі күндері осындай бақылау жұмыстарын жасайтынын айтты.