Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев аудан тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізген болатын. Қабылдауға материалдық көмек сұрай келген Жетісай ауданы, Абай ауылдық округіне қарасты «Халықтар достығы» елді мекенінің тұрғыны Самира Фарзалиева мүгедектігін ІІІ топтан ІІ топқа өткізуге қолұшын созып, жергілікті билік тарапынан әлеуметтік көмек беруін өтінген еді.
Аталмыш азаматшаның өтінішіне орай жай-күйімен танысу мақсатында аудан әкімі Жамантай Қанайұлы Абай ауылдық округінің «Халықтар достығы» елді мекенінде болды. Бір шаңырақ астында ұлы Намиль және келіні Маликамен, екі немересімен бірге тұратын Самира Фарзалиева ІІІ топ мүгедегі. Ұлының тұрақты жұмысы жоқ, келіні бала тәрбиесімен үйде. Арнайы келген аудан басшысынан әлеуметтік көмек сұрап, ұлының кәсіп ашуына, қыс ауасында отын-көмірден көмек көрсетуін сұраған анаға:
«Біз ұлыңыздың қысқа мерзімді оқыту курсына қатысып, кәсіпкерлік саласының қыр-сырын оқып-білуіне, бизнес-жоспарын жасап, 530 мың теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант алуына, сіздің мүгедектігіңіз туралы құжаттарды қайта қарауға көмектесеміз. Тиісті қаражатты алған соң үйіргелік жерлеріңізді тиімді пайдаланып жылыжай салыңыздар, жүзім өсіріңіздер. Ал, отын-көмірлеріңізді мүмкіндігінше түсіріп береміз» деген аудан басшысы Абай ауылдық округінің әкімі Қанат Тілеуовке тиісті мәселелер бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырды.
Базынасын айтып, көмек сұраған Самираның ұлына 530 мың теңге қайтарымыз мемлекеттік грант алудың жолдары мен талап-ережер түсіндірілді. Алдағы уақытта үйіргелік 5 соток жеріне жылыжай салып, тұрмысын түзеуіне жергілікті мамандар жұмылдырылып, тиісті көмек көрсетілетін болады.