Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылында құрылысы аяқталу алдында тұрған заманауи жаңа балабақшаның дайындық жұмыстарымен танысты, деп жазады Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz.
100 балаға есептелген зәулім ғимаратты ауыл ақсақалы Төреқұл Анарбеков өз қаржысына салған. Бүгінде балабақшаға айналып отырған ат шаптырым аймақ бұған дейін ауыл балаларының ойын алаңшасы болған. Оны да Төреқұл ақсақал кезінде ауыл балаларына арнап салған екен. Бүгінде ауылдағы демографиялық жағдайдың жақсарып, бала санының өсуіне, балабақшаға деген сұраныстың артуына орай ойын алаңшасынан заманауи балабақша салып отыр. Ол балабақшада ауыл бүлдіршіндерінің сабақ оқу, ұйықтау, ас ішу және жатын бөлмелері қарастырылып, заманауи озық үлгідегі жиһаздармен толық жабдықталып отыр. Жақын күндерде ел игілігіне тапсырылатын жаңа балабақшада ауылдың 20-ға тарта қыз-келіншегі екі қолға бір күрек таппақ.
Жастайынан туған жерімді түлетіп, артымда жақсы іс қалдырсам деген мақсатпен бар ғұмырын ауылының көркейіп-өркендеуіне арнаған Төреқұл ақсақал бұған дейін ауылдастарына мешіт салып, 5 гектар жерге бау жасаған. Бүгінде ауыл, округ тұрғындарын түрлі жеміс-жидекпен қамтамасыз етіп келеді.