Түркістан қаласын газбен қамту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жалпы биыл рухани ордамыздың тұрғындарына толықтай газ құбыры тартылып беріледі. Ендігі мақсат- құбырдағы газды үйге кіргізу. Таяуда «Яссы» мөлтекауданындағы 150 үй көгілдір отынды қосты, , деп жазады «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі Н.Кенжеханның материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Түркістан қаласындағы «Яссы» мөлтекауданында негізінен жеке сектордағы үйлер орналасқан. Бұл азаматтар бұған дейін күл шығарып, көмір жаққан, енді көгілдір отынның рахатын сезінетін болды. Қыс мезгілінде аяқталған жұмысқа тұрғындар дән риза.
Марал Ізтілеуова- Түркістан қаласының тұрғыны: Қуанып тұрмыз. Алғыстан басқа айтармыз жоқ. Бір міндетімізден құтқарды. Кочегар болдық қой . Көмір жақтық.
Бұған дейін газ кіргізу үшін әрбір үй 250 мың теңге шығындану керек болатын. Бұл қаржыны әрбір отбасы төлей алмайды. Осыны негізге алған әкімдік халыққа жеңілдік жасады. Енді газ құбырын тартып қосуға кететін шығын тартылған құбырдың ұзындығына байланысты 80-100 мың теңге төңірегінде болады.
Зейнулла Махамбетов- Түркістан қаласының тұрғыны: Көмірден арзан. 80 –дей кетті кіргізуге. 220-ға пеш қойдырдым. Жалпы барлығы 300-дей болды ғой.
Түркістанды газдандыру басты назарда.Бұған тек қала билігі ғана емес облыс әкімдігі де жұмыла кіріскен. Тіпті арнайы штаб құрылған.
Мейіржан Мырзалиев- Түркістан облысы әкімінің орынбасары: Міндет –облыс әкімінің берген тапсырмасы. Осы жылдың соңына дейін Түркістан қаласын 100 пайыз газдандыру. Халыққа 50 пайыз газ кіргізу. Осы мақсатта арнайы штаб құрып жұмыс істеп жатырмыз.
Жалпы алғанда қыркүйек айына дейін газ тарту жұмыстары аяқталады. Үйінің алдына келген құбырдан көгілдір отынды кіргізіп алуды әрбір отбасы өз қаражатымен жүзеге асырады, дейді мамандар.