Бәйдібек ауданындағы Шақпақ елдімекенінің жастары былтырғы Жастар жылында өз ауылдарына көптеген жарқын істердің ізін қалдырды. Олардың бастамасымен өздері түлеп ұшқан Ғани Мұратбаев атындағы мектептің 90 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Сондай ақ, олар салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ауылға арнайы спорт алаңшасын да салып берді. Ал мұндай қайырымды істер биылғы еріктілер жылында да жалғасын таппақ, деп жазады «OŃTÚSTIK арнасы» телеарнасының тілшісі М.Атабектің материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Туған жерлеріне тағзым етіп, елі мен жұртына қайырым жасау — шақпақтық жастарда бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Өйткені ол алдыңғы аға буыннан қалған дәстүр. Мұндағы әрбір буын өкілі аға бауынның салып кеткен сара жолымен жүріп, қандай жағдайда да ауылдың абыройы мен мәртебесіне дақ түсірмеуді мақсат тұтады. Сондықтан ауыл жастары, салауатты өмір салтын насихаттаудан бөлек саятшылық пен көкпар сынды ұлттық құндылықтарымызды да дәріптеуге күш салуда.
Елімізге танымал этнограф, ұлтымызға тән сал мен серілік дәстүрді насихаттаушы Бекет Есентаевтың да туған жері осы Шақпақ ауылы. Бүгінде марқұмның бұл ісін перзенті Сұлтансері жалғастыруда. Ұлттық өнер жанашыры бүгін туған ауылына сонау Алматыдан арнайы келіп, саятшылыққа әуес жастарға құсбегілік өнердің сырын ақтарды.
Бұл ауылдың әрбір жасы осылайша тек пайдалы іске ұмтылып тұрады. Өйткені, олардың бәрі осыған дағдыланған. Мәселен, мына спорт алаңшасы былтырғы жастар жылында пайдалауға берілген нысан. Бүгінде бұл ауыл жастарының ең сүйікті мекеніне айналған.
Ауыл жастары биылғы еріктілер жылында да өздерінің туған ауылдарына деген қайырымды істерін жалғастырамыз деп отыр. Қазір белсенді жастар сондай жұмыстардың нақты жоспарларын жасап, ұйымдастыру ісімен айналысуда. Ал бұл іске осы ауылдан шыққан кез келген жанның қуана атсалысатыны анық. Өйткені, мұндай тірлік бұл ауылда дәстүрге айналған. Бұдан үлгі алу керек.