Облыс орталығы Түркістанда былтыр 100 көше жолдары абаттандырлса, биыл да 100 ге тарта көшелер жаңаланбақ.
Өңірде аудандаралық күре жолдары күрделі және орта жөндеуден өтетін болды, , деп жазады «Отырар» телеарнасының тілшісі Ш.Оразованың материалына сілтеме жасаған didarbek.kz.
Былтыр Түркістан облысында республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 51 млрд. теңге жұмсалған. Ол қаржыға 716 нысан, 1 мың 738 шақырым жол жөнделіпті. Шардара бағытындағы шұрқ тесік жолдар былтыр жоспарға енгізілмей, баз баяғы күйінде қалып қойған еді.
Көрші Өзбекстанмен шекаралас жолдар биыл жөнделетін болды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар барысы және жоспарларымен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев есепті жиынында халықты таныстырды. «Шекаралас оңтүстік өлкеміздегі ауданаралық жолдарға басымдық беріп жатырмыз. Шардара бағытындағы жолды толық күрделі және орта жөндеуден өткіземіз, 90 пайызға жеткіземіз» деді әкім.
Сонымен қатар, көне Түркістанның тозығы жеткен жолдарын жаңалау жұмысы да биыл қарқынды жүреді деп уәде берді әкім Өмірзақ Шөкеев. «Түркістанда 845 шақырым жолдың 20 пайызы асфальтталды. Былтыр 7,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, ол көрсеткіш 33 пайызға жеткізілді. 2020 жылы облыс орталығы Түркістанның көшелерін жөндеуге биылға 6,1 млрд. теңге бөлініп, жөнделген көше жолдарын жылдың соңына дейін 50 пайызға жеткіземіз. Былтыр 100 көше абаттандырылса, биыл тағы 100 көше жолының құрылысын жүргіземіз» деді әкім.
Бұдан бөлек, жолдардың бойы көгалдандырылып қаланың шетінде жасыл белдеу пайда болмақ. Түркістанға кіре берістегі Бекзат Саттарханов көшесінің жаңа келбеті сиқты өңіріміздегі қала мен аудандардағы көше жолдары жаңаланады.