Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » АРДАГЕРЛЕР АТАУЛЫ КҮНДІ ЕСКЕ АЛДЫ

АРДАГЕРЛЕР АТАУЛЫ КҮНДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Шымкент қаласында Семей полигонының жабылғанына 31 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Атаулы күнді еске алуға арналған іс-шараға Семей полигонынан бөлек Ауған, Таулы Қарабақ, тәжік-ауған қарулы қақтығыстарына және Чернобль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлер, жергілікті әскери оқу орындарының өкілдері қатысты.
– Семей ядролық полигонында болған жарылыстар қаншама ұрпаққа зардабын тигізді. Ұлт тағдырына, ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын жандардың күшімен сынақ алаңының жабылғанына да биыл 31 жыл толып отыр. Осы орайда ардагерлеріміз қоғамдық өмірде белсенділік танытып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуда. Соның бір айғағы – биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектептерде патриотизм сабақтары өтеді. Бұл – жақсы жетістік, – деді «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серікбай Онбаев.
Жиында Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні орындалып, жауынгерлік ту ортаға салтанатты түрде жеткізілді. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
– Шымкентте Семейдегі сынақ полигонында қатысқан 1500-ге жуық ардагер тұрады. Олардың ішінде 644 азаматқа І, ІІ және ІІІ мүгедектігі қойылған. Арасында төсек тартып жатқандары да бар. Осындай атаулы күнге орай үйлеріне кіріп, құттықтап шығуға тырысамыз. Жалпы, түрлі сынақтардың, апаттардың салдарын жоюға қатысқан ардагерлеріміздің саны күн санап азайып барады. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, зейнетақы тағайындалып, шипажайларға кезегімен жолдама беріліп тұрады. Ал біз елімізде енді мұндай апаттар мен сынақтар болмасын деп тілейміз! – деді «Семей-сынақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қалжан Дауылбаев
Айта кетейік, Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы сынақ 1949 жылдың 29 тамызы күні орын алды. Сол жылдан 1989 жылға дейінгі 50 жылда бұл полигонда кем дегенде 456 ядролық, гидроядролық және басқа да сынақтар орын алып, бомбалар жарылды. Олжас Сүлейменов бастаған қоғам белсенділерінің күшімен әлемде антиядролық кең қозғалыс жүріп, 1991 жылдың 29 тамызы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

Пікір жазу