2023-2025 жылдар аралығында Шымкент қаласы Еңбекші ауданындағы 31 мекенжайға ирригациялық арық орнату жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының басуының алдын алу мақсатында, 2021 жылы 14 мекенжайда 3,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылды. Ағымдағы жылы жауын-шашын шамадан тыс жауып, 52 мекенжайда су көлдеу орын алды. Су басудың алдын-алу бойынша бірінші кезекте 7,3 шақырымды құрайтын 21 мекен-жайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланып, бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Профиленд» ЖШС-і Қызғалдақ көшесінде жұмыстар жүргізуде. Қалған 31 мекенжайға арық орнату 2023-2025 жылдар аралығында жүргізіледі.
Айта кетейік, Еңбекші ауданы бойынша 630 көпқабатты тұрғын үйлер 435 аулаға біріктірілген. Ауданда 2011-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 565 үйдің 373 ауласы абаттандырылған. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүргізілуде. Аулаларды абаттандыру бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасы 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. 2021 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 41 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылды. 2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы 2-кезеңмен іске асырылуда. Жекелей қарастырсақ, І-кезеңде 37 жоба бойынша 52 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату, одан бөлек жеке секторда 6 дана балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. ІІ-кезең бойынша 12 жобаны іске асырып, 21 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру жоспарда бар. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 21 жобаны іске асыру үшін сметалық құжаттар әзірленді. Одан бөлек 135 жоба бойынша жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.