Қайырымдылық жасап, қолдау көрсету қазақтың қанында ежелден бар қасиет. Бүгін Түркістан қаласында Мәуліт мерекесіне орай «Шапағатшым бір өзіңсің, Мұхаммед с.а.у» атты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шарада ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 6 мұқтаж отбасына баспана кілті табысталды.
Рухани кеш Пайғамбар (с.а.у) рухына Құран бағыштаудан басталып, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков мерекеге орай арнау айтып, еліміздің эстрада жұлдыздары Айдар Тұрғанбекұлы, Бақытжан Мұстафаев әннен шашу шашты. Сондай-ақ қаладағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының әртістері сахабалар дәуірі мен олардың өнегелі өмірінен және ата-ананың қадірі турасында қойылым сахналап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Түркістан қаласы имамдарының ұйымдастыруымен өткен рухани кешке қаланың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары Ғалымжан Батырханұлы мен Ардақ Үсенұлы, Аналар алқасының төрайымы Ұлжан Әбенқызы, қалалық саяси кеңестің мүшесі Бақдәулет Тұрманов және қала тұрғындары қатысты. Шараға қатысушылар Мәуліт мерекесімен құттықтап, игі іске мұрындық болып отырған жандарға алғыстарын жеткізді. Кештің басты ұйымдастырушысы Түркістан қаласының бас имамы Мухамеджан Ергешбайұлы алдағы уақытта мұндай игі бастамалар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 4 мұқтаж отбасы баспаналы болған. Жыл соңына дейін тағы бір отбасына пәтер кілтін табыстау жоспарлануда.
Сонымен бірге, Түркістан қаласындағы «Бірлік» секторының кәсіпкерлері бір отбасыға үй сыйлады. Сәулетті үйдің кілті үш баланың әкесі Ешметов Марипжанға бұйырды. Оның екі бірдей баласы мүмкіндігі шектеулі болып туған.
– Баспаналы болу әрбір жанның арманы ғой. Мен үшін күтпеген сәт болды. Ішкі сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы уақытқа дейін жеке үйім болса деп тілеп келдім. Ізгілікке толы істері тоқтамай жалғасын тапсын. Бұл қуанышымды қалай жеткізерімді де білмеймін. Сіздерге алғысым шексіз. Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын, – дейді баспана иесі.
Жалпы “Бірлік” секторының қайырымды жандары мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға, үй немесе жер телімін алып беруге, үй салуына көмектесуді дәстүрге айналдырған.
Олай болса қаншама жанның армандарының орындалуына әрбір азамат себепкер болуға ұмтылса, нұр үстіне нұр болар еді.