Бүгін елімізде Ұлттық валюта — теңге күнi, Қазақстан Республикасының Қаржы жүйесi қызметкерлерiнiң кәсiби мерекесi аталып өтуде.
Ел егемендігінің белгісі – мемлекеттік рәміздер ғана емес, сонымен қатар ұлттық валюта да тәуелсіздік атрибуттарының бірі. Ұлттық валютаны қалыптастыру көп күш пен еңбекті талап ететін күрделі үдеріс. Дегенмен, Қазақстан тәуелсіздігін алғанына 2 жыл толмай жатып, 1993 жылы 15 қараша күні теңгені ресми түрде ақша айналымына енгізіп үлгерді. Содан бері елімізде бұл дата ұлттық валюта күні ретінде тойланып келе жатыр. Осыған орай Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығында да мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, «Теңгелер сыр шертеді» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанаты өтті.
Аталған көрменің ашылу салтанатын тамашалауға Ұлттық банк пен Форте банктің өңірдегі өкілдері, қаланың ардагер әжелері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, қалалық Назарбаев зияткерлік мектебі мен қолөнер мектебінің оқушылары, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің, белгілі керамист Абай Рысбаев бастаған Түркістан қалалық педагогикалық колледжінің студенттері мен қала қонақтары, жалпы саны 200-ден аса көрермен келді.
Салтанатты іс-шарада музей-қорықтың директоры Мәулен Садықбеков қонақтарды тәуелсіздіктің нышаны – теңге күнімен құттықтап, көрмені тамашалауға келген қаржы саласының қызметкерлеріне, ЖОО мен мектеп өкілдеріне елдің өркендеуі жолында қоян-қолтық жұмыс істеуге ұсыныс білдірді.
Көрме қонақтары Түркістан қаласының тарихынан сыр шертетін көне тиындар мен музей қорында сақталған өте сирек, тіпті бірегей үлгіде ғана кездесетін тиындардың түпнұсқасын тамашалауға мүмкіндік алды. Мектеп оқушылары тарапынан қазақ жерінде айналымда жүрген тарихи ақша түрлері мен 1993 жылы шығарылған Қазақстанның төл валютасы – теңгелердің алғашқы нұсқалары және олардың құндылығы жайлы көптеген қызықты сұрақтар қойылды. Тиісінше, қазақ теңгесі жайлы тың деректерге қанық болған мұғалімдер, оқушылар мен студенттер көрме ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Бұл көрме 2022 жылдың 11 желтоқсанына дейін көрермендер назарына ұсынылатын болады.
Айта кетейік, бүгін елімізде Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге күні аталып өтілуде. Сондай-ақ, кәсіби мерекені Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің қызметкерлері атап өтеді. Дәл осы күні 1993 жылы біздің валюта айналымға енді-бұл тарихи оқиға болды және Қазақстанның тәуелсіз экономикалық кеңістігін қалыптастырды.
Б.Ерман.