Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімі 2020 жылы 2 триллион 432 миллиард теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 триллионға жетті. Биыл 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар.
Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
–Қала экономикасының өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығы секілді барлық негізгі секторларында тұрақты өсу динамикасы байқалды. Соның арқасында қаламыздың жалпыөңірлік ішкі өнімі 2020 жылы 2 триллион 432 миллиард теңге болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 триллионға жетті. Биыл 3,1 триллион теңгені құрайды деген болжам бар, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Көрсеткіштің өсуіне әсер ететін сектордың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен 5 өндірістік аймақта орналасқан.
Бүгінде жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, 2 аймақты кеңейту жоспарлануда. Биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарының инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталады.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 84,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109,6% құрады. 2022 жылдың төрт айында қала экономикасына 108,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша Шымкент елімізде бірінші орынға ие болды. Ал, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 260,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38,8 %-ға артқан. 2021 жылы жалпы құны 152,6 миллиард теңге, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен 63 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бүгінде 63 миллиард теңгеге 33 жоба жүзеге асырылды. Жалпы 2023 жылы үшінші мегаполиске 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Нәтижесінде бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 32%-ға артады деп күтілуде.