Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Түлкібас » БИ ПАДИШАСЫ ШАРАНЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

БИ ПАДИШАСЫ ШАРАНЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түлкібас ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі «Балалар өнер мектебінің» би үйірмесінің оқытушылары қазақ би өнерінің негізін салушы Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына орай орталық саябақта «Би падишасы- Шара Жиенқұлова» атты мерекелік шара өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты оқушыларға би падишасы Шара Жиенқұлованың қазақ мәдениетіне қосқан орасан зор еңбегімен таныстыру, танымын кеңейту, білімдерін жетілдіру болды. Халық әртісі, қазақ би өнерінің негізін салушы Шара Жиенқұлова өзінің өнер жолын қазақтың драма, опера және балет театрында бастаған. Б.Майлинның «Майдан», М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» және тағы да басқа пьесаларында ойнап, операларда ұлттық билерді орындаған. Қазақ филормониясында қызмет етіп, 1962-1966 жылдары ән-би ансамблін басқарған. Ұлттық би өнерін дамыту үшін ел аралап, халық билерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеген. Шараның жетекшілігімен «Айжан қыз», «Қара жорға», «Қырық қыз» және т.б көптеген билер дүниеге келді. Сахналық бидегі бейнелердің ішкі жан сұлулығын шебер шендестіре білген Шара қазақ өнерінің дамуына мол үлес қосты.
Кешегі Шараның еңбегін бүгінгі ұрпақпен үндестіре білген хореографтар жетерлік. Әуезді музыканы әдемі ырғақпен келістіріп, көрерменнің жүрегін жаулап, ерекше әсерге бөлей алатын қойылымдар да жетерлік. Ауданымыздың абыройын асқақтатып, би өнерінде атын шығарып жүрген ұстаз- Дина Жоламанова деп білеміз. Тәртібі мен тәлімі ерек, балаларға деген жауапкершілігі де бөлек ұстаз «Қаракөз» би тобының жетекшісі. Барлығы 5-13 жастағы бүлдіршіндер. Бала бойына бидің түсінігін, оның құндылығын дәріптеп, әдемі әрі келісті қимыл жасауды үйретіп жүрген ұстаздың бұл саладағы жетістігі де аз емес. Жыл басталғалы 6 рет халықаралық, республикалық және облыстық би байқауларында «Қаракөз» би тобы өнерлерін көрсетті. 18 наурыз күні Шымкент қаласында өткен Халықаралық «SHASHU FEST» фестивальінен Құрмет грамотасын иемденіп, жетекшісі Дина Жоламановаға «Үздік педагог» номинациясы табысталған болатын. Дәл осындай марапатты Тараз қаласында болған «Welcome to Aulieata» шығармашылық байқауында да қанжығаларына байлады. 4 ақпан күні «Қаракөздіктер» Алматы қаласында өткен «Жеті өнер» шабыт фестивалінен бас жүлде алып, қорытынды байқауға жолдама алған болатын. Қорытынды фестивальден де топ жарып, бас жүлдені иемденіп, Өзбекстан Респбликасы Бұқара қаласында өтетін додаға жолдама алған болатын. 14мамыр күні Астана қаласында болған Dans Battle атты ХХІ республикалық байқауда бас жүлде алып, арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Қазақ би өнерінің қасиеті мен құндылығын балаларға үйретіп, әркез сайын аудан мерейін үстемдету жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаз Дина Балмағанбетқызына аудан жұртшылығы өз ризашылығын білдерді. Кешегі Шара Жиенқұлованың ізбасарларын дайындауға жасап жатқан еңбегіңізге шығармашылық табыс пен өсу тілейміз. Еңбегіңіз еленіп, шәкірттеріңізге артылған үмітіңіз бен сеніміз ақтала берсін дейміз!
А.ЕРТАЕВА,
Түлкібас аудандық Балалар өнер мектебінің директоры.

Пікір жазу