Жұмабек Ернар Бақдәулетұлы Түлкібас ауданы, Шақпақ баба елді мекенінің тұрғыны. 17 жастағы бозбала жақында ғана Уфа қаласынан еліміздің көк байрағын желбіретіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып, үлкен қуанышпен елге оралды. Иә, ол Белбеу күресінен Әлем чемпионатында жүлделі ІІІ орынды иемденіп, кезекті жеңісін жерлестеріне арнаған еді. Табаны туған жеріне тиген бойда жерлестері чемпионын ерекше сыйластықпен, ілтипаттылықпен күтіп алды. Мақтап, марапаттап, ақ баталарын берді. Аудандық мәслихаттық депутаты Бейбіт Тулешов те, ел ағасы Серік Барлыбаев та қуанышын ортақтасқан ағаларының ортасынан табылып, Ернардың спорт жанашырына айналды. Ел ағалары рухани және материалдық тұрғысынан көмектесіп, Ернардың үлкен чемпионаттарда бақ сынауына мүмкіндіктер беріп келеді.
-Мені ең әуелі спортқа дағдыландырып, бойымды түрлі жаттығулармен жаттықтырып үйреткен өзімнің әкем Бақдәулет Сейдалиев. Әкеден артық мектеп, ұстаз жоқ деп ойлаймын. Содан кейін қазақша күрес пен дзюдоның қыр сырына үңілдіріп, спортқа деген махабатымды әрмен қарай дамыта білген Керімбаев Қасымхан ағайым болды. Ал дәл осы белбеу күресіне Қасымхан ағайымның ұлы Керімбаев Асланбек ағайым жаттықтырды. Алғашқы үлкен жарысым Қазақстан чемпионатына қатысуым болды. Ол Ақтау қаласында өткен еді. Сол чемпионатта Қазақстан чемпионы атандым. Осы жеңістен кейін Башқұртстан еліндегі Уфа қаласына жолдама алдым. Дайындықтар мен жаттығулар үзілген жоқ. Мен үшін жаттығу уақытын үзбеу, үнемі дайындықта жүру-міндет әрі талап деп ойлаймын. Уақыт сәті келіп, Уфа қаласына аман-есен барып келдік. Ол жерде әлем чемпионатынан ІІІ орынды иемдендім. Жеңіс оңайлықпен келмейтінін күллі спортшылар біледі. Ол үшін мықты дайындықтың қажет екені айдан анық. Жалпы, мен айналысып жүрген бұл спорт түрі Қызылорда қаласында және біздің Түлкібас ауданында мықты дамыған. Осы спорт түрін меңгеремін деуші азаматтарға мүмкіндіктер де қарастырылған. Алдағы жоспарлар жетерлік. Соған жету үшін әрекет ете білуім керек. Мен үшін ең басты талап пен мақсат- осы спортты тастамай, Әлем чемпионы болу. Бастысы, армандар орындалады. Мен оған сенемін. Ал, қазіргі ең ыстық әрі ең алғашқы жеңісімді мен барша тілеулес болған жерлестеріме арнаймын. Сіздердің тілеулеріңіз бен берген баталарыңыздың арқасында мен әлі талай жетістікке жетіп, асулардан асатыныма сенімдімін. Тілектеріңіз бен ілтипаттарыңызға мың алғыс,- дейді белбеу күресінен Әлем чемпионатының ІІІ орын иегері Ернар Бақдәулетұлы.
Ернарды кезекті жеңісімен біз де құттықтаймыз. Алдағы жоспарлары іске асып, ел маңдайына біткен Батыр атануына тілектеспіз. Жолың ақ болсын, азамат!
А.МӘМЕТ