Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Абзал табысқа тоқмейілсімейді

Абзал табысқа тоқмейілсімейді

Абзал, 2009 жылы үш ағасымен бірлесіп, «Тұрдалы ата» шаруа қожалығын құрады. Олар өз қаражаттарына әуелі 50 бұқа сатып алып, бордақылайды. Көп ұзамай шаруашылықтарын кеңейтеді. Ауылдан екі гектар жер алып, екі мал кешенін салады.
2018 жылы мемлекеттен алған субсидияға Солтүстік Қазақстан  облысынан, Өскемен, Алматы қалаларынан қазақтың 300 «ақбас» бұқасын әкеледі. Шаруашылықтың қора-жайы тап-тұйнақтай, дәріленіп қойылыпты. Жемшөп жеткілікті әзірленген. Соңғы екі-үш жылдан бері олар екі гектар алқапқа жоңышқа егеді. Бүгінгі таңда шаруашылықта төрт адам еңбек етеді.
«Біз бұрын өнімдерімізді Манкент мал сою пунктіндегі «Нәрлен» шұжық цехына өткізетінбіз. Қазір екі жылдан бері «Қайып ата» ЖШС-нің мал сою бекетіне өткізіп жүрміз» дейді Абзал.
А.Жүзжасаров ОҚМПУ-дің сот және халықаралық қатынастар факультетін бітіргенімен, мамандығына сай қызмет таппағанын айтады. Содан ауылға келіп еңбек жолын кәсіпкерліктен бастайды. Қазығұрт ауылынан «Тұрдалы ата» дәмханасы мен көлік жуу бекетін салады. Қазір мұнда алты адам жұмыспен қамтылған.
– ҚР Президенті «Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылды ауылды дамытуға арнады. Осыған ерекше қуандым. Бүгінде ауылды гүлдендіру, өркендету, әсіресе, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері жиі көтеріліп жүр. Ауыл дамыса, оның өзі мемлекеттің дамуына серпін береді, – дейді Абзал.
«Ауылымның түтіні түзу ұшсын» дейтін іскер азамат қайырымдылық шаралардан да қалыс қалған емес. Тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге, аудандағы ізгілікті істерге демеушілік танытатынын ауылдастары сүйсіне әңгімелейді. Абзал Жүзжасаровтың шағын және орта бизнестегі еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше мәрте аудан әкімінің Алғыс хатымен, дипломымен марапатталды. Ауданда өткен «Алтын күз – 2022» мерекесінде «Мал шаруашылығын дамытудағы озат агроқұрылым» номинациясын жеңіп алды.
Абзалдың алар асулары әлі алда.

Пікір жазу