Тазалық бар жерде тәртіп болады. Елдің береке-бірлігі мен ынтымағын, тазалығын ойлаған ауыл азаматтары таяуда Сарапхана ауылындағы адам қарасы көп шоғырланатын орталық көшелерге арнайы қоқыс жәшіктерін орнатып шықты. Сарапхана ауылдық округінің әкімі Қуандық Күзембаевтың ұйымдастыруымен қолға алынған бұл игі бастаманы басқалар да бірауыздан
қолдады.
«Бүгінгі күні ауылды таза ұстау басты міндет болып тұр. Бұл тек ауыл әкімшілігі үшін ғана емес, ауыл тұрғындары үшін де маңызды болғандықтан тұрғындар қолдап, демеушілер есебінен жүз жәшік жасадық. Оны бүгінде көше бойына орнатып жатырмыз» дейді Қ.Күзембаев.
Иә, сарапханалықтар көктемгі көгалдандыру жұмыстарын да бастап кетті. Ауыл тазалығы баршаға ортақ екенін түсінген олар бұл жұмысқа да ауызбіршілікпен кірісті. Ауыл ақсақалы Абайбек Ережептің айтуынша, тазалық бар жерде тәртіп, тәртіп бар жерде береке болады. «Көше тұрғындарын өз аулаларын таза ұстауға, арық-атыздарын ретке келтіріп, айналасын абаттандырып қоюды күнделікті дағдыға айналдыруға шақырамыз. Аула таза болса, көше таза, көше таза болса, ауыл таза болады» дейді ауыл ақсақалы.
Міне, осындай игі бастамаларымен көзге түскен ауылды басқаларға үлгі етуге болады. Ауыл әкімі Қуандық Таласұлының бұл талабын тұрғындар да қолдап, бүгінгі таңға
16 қоқыс жәшігі жасалып, ауыл көшелеріне орнатылды. Жыл соңына дейін тағы жүз жәшік орнату жоспарлануда бар.
А.БЕРМҰХАНОВА.
Қазығұрт ауданы.