Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Түлкібас өңірінің өзіндік бренді бар

Түлкібас өңірінің өзіндік бренді бар

Күллі қазаққа алмасымен таныс Түлкібас өңірі өзіндік брендін қалыптастырған. Алма десек, ауыз жимай ең әуелі Түлкібас жерінде самсып өсіп тұрған қызылды-жасылды жеміс есімізге түседі. Сорттары да, дәмдері де әртүрлі. Дегенмен, сол алма жемісін өсіріп, баптау да ерен еңбекті талап етеді екен. Біздің ауданда көлемді баудан бөлек үй іргелік жерлерге, шағын бақшаларға алма қондырып, оны сатылымға шығарып отырған отбасылар көп. Табиғи, таза өнімге сұраныстың артқанынан болу керек, алма өсірушілер қатары жыл сайын артып келеді. Жалпы, бақшамызда өсіп жатқан, ас үйімізден үзілмейтін, дастарханымыздан алынбайтын сол алманың пайдасын саралап көрдіңіз бе?
Жалпы, алма жемісі көптеген ертегілер мен хикаяттарда сұлулық, денсаулықтың символы болып бейнеленеді. Бұл адамдардың ертеден-ақ алманың қасиетін біліп, бағалағанынан хабар береді. Ең әуелі жеміс өмірді ұзартады. 2011 жылы Америкадағы химиялық қоғамның өткізген зерттеу нәтижесі бойынша, алманың көмегімен өмірді 10 пайызға ұзартуға болатыны анықталды. Сондай-ақ алма жегеннен кейін ағзаның белсенділігі де арта түседі екен. Бұл зерттеу жануарларға қолданылғанымен, нәтижесі адам ағзасына да қатысты деп саналды. Есте сақтау қабілетінің жақсаруына да мол септігін тигізеді. Массачусетс штатының университеті жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, алма мидағы нейротрансмиттер ацетилхолиннің санын көбейтеді. Ол мидың жаңа құрылымдарды құрып, өзгертуге көмектесетін нейропластикалық модуляцияның қызметін іске қосады.
Мидағы ацетилхолиннің артуы есте сақтау қабілетінің жақсаруына әсер етіп, Альцгеймер ауруының алдын алады. Қазіргі таңда қоғамда өзекті болып отырған инфаркт, инсульт қаупін азайтады. Әдетте инсульт, инфаркт, атеросклероз аурулары LDL-холестеринінің көп болуынан туындайды. Ал алма ол холестерин санын 23 пайызға азайтады. LDL-холестеринді азайтатын арнайы дәрі-дәрмек 18-50 пайызға дейін төмендетсе де, өзге зиянды ауруға апарып соғуы мүмкін. Ал алма мұндай артық ауруларға төтеп береді. Ісік ауруларының алдын алады. Гавай аралында жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, ең көп алма жеген топта қатерлі ісік ауруының пайда болу қаупі 40-50 пайызға дейін төмендеген. Алманың құрамындағы антиоксиданттар адам ағзасындағы өкпе ісігінің пайда болуына әсер ететін үдерістерге бөгет болады. Осындай адам денсаулығына орасан зор пайдасы бар жемістің біздің ауданнан өніп шығатынына қуанамыз.
Аудан бойынша алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 700 гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылған. Оның 25 гектарына көшетті Жабағылы ауылдық округіне қарасты «Алмалы сай» ЖШС ерте көктемде отырғызса, қалған 30 гектарын Шақпақ ауылдық округіне тиесілі «Кентау» ЖШС қондырған. Серіктестің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, егіліп жатқан алма көшеттері Түркия елінен арнайы алынған. «Кентау» ЖШС-нің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4 мың 4 жүз тоннаға дейін экологиялық тұрғыдағы таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.
Ұлы Жібек жолының бойынан өтетін әрбір жолаушы Түлкібас жемістеріне аялдама жасамай өтпейді. Шақпақ баба ауылы осы күнге дейін көпшілікке «Алма сататын ауыл» болып есте қалған. Ауыл тұрғындары жергілікті алма жемісін, ауласындағы түрлі жеміс-жидектерін сату сөрелеріне қойып, өткен-кеткеннің көз жанарын алып, қызықтыра білген. Бұл да бір кәсіп дерсіз. Ешкімге ешқандай ақы төлемей кәсіп ашып, күнкөріс қамын ойлап табу да адамзаттың ақылы ғой. Бірақ, жақында ғана ауыл маңынан жер асты жолы ашылып, қазіргі таңда барлық жеміс сатушы кәсіпкерлер ұзын сонар жолдың бір беткейінен орын алды. Кәсіпкер М.Рысбаевтың қолдауымен арнайы сауда кешені ашылып, ауылдағы бірнеше шағын кәсіпкерлер сонда орналастырылды.
«Нұр» деген атаумен ашылған кафенің иесі Ордабасы ауданы, Ақжол ауылының тұрғыны Рысбаев Мақсат есімді азамат екен. Ол құрылысы ұзаққа созылған жерасты жолының аяқталуына жақын қалған уақытта кафенің жұмысын бастап, діттеген мақсат жоспарына кіріседі. Содан шағын кафеге қосымша ретінде қонақтардың жақсы демалуына мүмкіндік жасап монша, қонақ үй, банкет залын сонымен қатар Түлкібас жеміс жидектерін қосады. Мұндағы басты қуанарлық дүние кәсіпорынның халал сертификаты негізінде жұмыс жасауы. Жалпы Түлкібас жеміс жидектеріне арналып 10 шағын дүңгіршек орналастырып, Шақпақ баба ауылындағы 10 кәсіпкерді тегін қабылдайды.
-Бәріміз бір қазақтың баласы болғандықтан көмек беру, қолдан келіп жатса қолтықтап жіберу қанымыздан дарыған қасиет қой. Шақпақ баба ауылындағы алма сатушы кәсіпкерлердің жағдайын шын түсіндім. Өйткені, сонша көлемдегі жеміс-жидектерін енді қайда барып, қалай сатады деген ой болды. Содан көп ойланбай кәсіпкерлермен сөйлесіп, шақырдым. Олар қуана келісті. Тегін, ешқандай ақы төлемей саудасын жасауда. Бұл менің саудагер жандарға көрсеткен шағын көмегім болсын дедім,- дейді жас кәсіпкер Мақсат Рысбаев мырза.
-Ауылдағы жол жабылады дегеннен абдырап қалғанымызды жасырмаймыз. Өйткені, жеміс-жидектер ұзақ уақыт сақталынбайтынын бәріміз білеміз. Соншама жемісті енді қалай сатамыз деп қорықтық. Бірақ, Мақсат мырзаның қолдауымен кәсібіміз дөңгелеп жатыр. Дегенмен, сонша уақыт бойы ауылдың ішінен сауда жасаған клиенттер ұзын сонар жолдан тоқтап, жеміс жидек алуы кішкене саябырсыды. Жолаушыларды осыған үйретуге де біршама уақыт қажет ау деп ойлаймыз. Біз ауылдағы 10 кәсіпкер осында көшіп келдік. Түнде де сауда жасаймыз. Жағдайымыздың бәрі жасалған. Тек қана алма емес алмұрт, жаңғақ, бал, неше түрлі табиғи кампоттар, жержаңғақ, сонымен қатар басқа да жеміс түрлері сатылады. Қазіргі таңда күннің салқындығына қарай біз ыстық өнімдерді де қосып шығарудамыз. Сұраныс бар.
Ауыл маңында тұрып, сүт өнімдерін сатпау да қисынсыз дедік. Содан май, құрт, ірімшік, айран, сүтті де сатылымға шығардық. Жанымыздағы кәсіпкер тек қана сүт өнімдерін сататын дүкен ашты. Оған да сұраныс едәуір артуда. Бастысы саудада береке бар ғой. Таза еңбектің, адал маңдай тердің рахатын көру бәрімізге бұйырсын,- дейді Түлкібас жеміс-жидектерінің кәсіпкері Гүлзинат Мажидова.
Айта кетейік, Түлкібас жеміс-жидектеріндегі алмалардың барлығы осы ауданның өнімдері. Түрлі сортта сатылатын жемістің дені «Кентау» ЖШС-нен алынады екен. Базардағы бағадан қарағанда едәуір арзан дейді сатып алушы азаматтар.
-Мен 25 жылдан аса жүргізуші болып жұмыс жасаймын. Ауыр жүк көліктерін жүргіземін. Мәскеу, Қырғызстан, Астана айта берсем көп жерге барғанмын. Зат тасымалдаймын. Осы күнге дейін Шақпақ баба ауылындағы жемістерді сатып алмай жол жүруді жалғастырмайтынмын. Өйткені, өнімдерінің табиғи екендігі иістерінен ақ сезіліп тұратын. Біраз жолға жететін алма, алмұрт, шағылған жаңғақ алатынмын. Осы үлкен жол ашылғалы бірінші рет өтуім. Енді қалай болады екен деп келе жатсам «Нұр» деген кафенің жанында тізбектеліп орналасқан жемістерді көріп, қатты қуандым. Дереу тоқтап, сатып алып жатқаным осы. Апайлары да тамаша. «Көңілі келсе көл». Біздей тұрақты тұтынушыларына жақсы жеңілдіктерде береді. Әр істің қиыны болады ғой. Нан табу да оңай емес. Берекесін берсін,- деді Шамурадов Жақып есімді жолаушы.
Міне, сөзсіз Түлкібастың алмасына сұраныстың көп екенін осыдан ақ аңғаруға болады. Тәтті жеміс Түлкібастың құнарлы топырағын әлемге танытатын бренд болатынына күмән жоқ. Саудагерлерге табыс, кәсібіне береке тілейміз. Ал шағын кәсіпкерлерге осындай жағдай жасап, барын бөліп беріп, қолдау танытқан демеуші азаматтарға да барша ауыл азаматтары атынан алғыс зор.
А.Мәмет

Пікір жазу