Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Кәсіпкер тынысы. Адалынан ас ұсыну да үлкен еңбек 

Кәсіпкер тынысы. Адалынан ас ұсыну да үлкен еңбек 

 “Ас-адамның арқауы” демекші, адамзатқа адал қызмет етіп, адалынан ас ұсыну да үлкен еңбек. Тар әрі ыстық жерде тамақ дайындап, оны келуші қонақтарға ұсынып, көңілінен шығу оңай дүние емес. Осы тұрғыда біз аудандық базарлардағы бірнеше асханаларға көз жүгіртіп, ең көп қонақтары бар тамақтану орталығына сараптама жасадық. Халықтың сұранысы «Бауыржанның кәуабында» болып тұр. Оны базардағы кәсіпкерлер мен аудан азаматтары ауыз толтырып айтып, мақтап жүрген көрінеді. Елдің сұранысына ие, иісі бұрқыраған «Жер Ана» ККК орналасқан шағын кәсіп орталығына бізде дәм татып, әңгіме өрбіту үшін аяқ бастық. Бұл туралы «Шамшырақ» ақпараттық орталығына сілтеме жасаған didarbek.kz жазады.
Бауыржан Амангелдиев пен Мөлдір Тұрлыбекқызы осы орталықты ашқан ерлі-зайыптылар. Шақпақ баба ауылының тұрғындары. 2021 жылы Мөлдір Тұрлыбекқызы тәтті торттар мен тіскебасарлар дайындайтын «Медея» тәттілер әлемін аудан орталығындағы Д.А.Қонаев көшесінің бойынан ашқан болатын. Ол орталықты 1 жылға жуық жүргізіп, жолдасының қалауымен «Жер Ана» базарына 2023 жылдың мамыр айында көшіп келді. Шағын дүңгіршекті жалға алып, тәттілермен қоса, ыстық тағамдар, бәліштер мен самсалар, сонымен қатар кәуаптың сан түрін дайындай бастады. «Бауыржанның кәуабы» бұған дейін де талай жанды тамсандырған. Тіл үйіретін дәмді кәуабын базарға келмей жатып, ауылында үлкен сұраныспен, арнайы тапсырыспен дайындап жүргенін айтады жас кәсіпкер. Иә, базарға жақындай бергеннен бастап, мұрныңды жаратын, тәбетіңді мезгілсіз ашатын иіс кімді болмасын еріксіз сол асханаға апаратын сыңайлы.
-Бұл кәсіпке келу бізге оңай болған жоқ. Тиыннан тиын құрап, барымызды жинап, бала-шағаның несібесі үшін аудан орталығынан алғашында тәттілер әлемін ашқан болатынбыз. Келіншегім Мөлдір негізі балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Түнімен ұйықтамай тәттілер дайындап, одан қала берді бала-шағаның, келім-кетім қонақтың көңілін тауып, жұмысына да барып үлгеріп жүрді. Қанша дегенмен, бір адам үшін бірнеше қызметті қатар алып жүру оңай емес. Таңмен таласа тұрып, ауылдың күйбең тіршілігімен сиырын сауып, жұмысына қарай асығатын. Қарбалас тірлік болды. Келіншегімнің шаршап жүргенін сезіп, менде қолымнан келетін, халыққа ұнаған кәуабымды сатып, ыстық тағамдар неге ұсынбасқа деген ой келді. Содан ақылдасып, әкемнің батасын алып, «Медея» тәттілер әлемін жауып, орталық базарға қарай беттедік. Сол жерден осы дүңгіршекті алып, кәуап жасап, тамақтар дайындап, аз уақыт ішінде халықтың сұранысын едәуір жинадық десем болады. Осы маңның өзінде 3 асхана қатар тұрамыз. Бізде көбінесе кәуап, лағман, палау тағамдары сұраныста. Арнайы іздеп келіп, тапсырыс беріп жатады. Бұл біздің еңбектің, маңдай тердің, ақ адал пейіліміздің нәтижесі деп білемін. Қазіргі таңда 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Аспазшы Айгүл әпке өзіміздің ауылдың апайы. Анамдай қамқор, өзіме қатты жақын тұтамын. Кейде жұмыстарым шығып, кетіп жатсам сол кісіге барлығын сеніп тапсыра аламын. Ақшаға құнығып, адамды алдау дегеннен ада кісі. Осы тұста өзіндік алғысымды білдіремін. Келіншегім кондитер. Тәттілер дайындап , бос уақытта асханаға келіп-кетіп тұрады. Қызылай апай даяршы. Өте ақкөңіл кісі. Жалпы, біздің шағын асханамыздың құрамы осындай.
Кәуап дайындау менің хоббиім десем болады. Менің анам тағамдарды өте дәмді дайындайтын. Көршілердің бәрі анамның ақкөңіліне риза болатын. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Көршілер анамның жапқан бір үзім нанын жеуге арнайы келетін. «Келін ененің топырағынан» деген қазақы сөз тегін айтылмаса керек, келіншегімде қонақ күтуге өте жақын кісі. Тағамдардың түр-түрін дайындап, қонақ күтудің шебері атанған. Содан кейін, әрине, менің кәуабым. Үйге қонақ шақырсақ, «бешбармақ емес, Бауыржан кәуабын дайындасыншы» деп тапсырыс беріп жатады. Құрдастарымызбен басқоссақта, табиғат аясында демалуға бара жатқан азаматтарда осы кәуапқа тапсырыс беретін. Содан халыққа ұнағанын сезген болармын, асхана ашуды жоспарлап, Алланың қалауымен сол күнге де жеттік. Дәл қазіргі таңда мен кәуаптың 6 түрін пісіремін. Олар: қабырға, ет, бауыр, тауық еті, үйрек еті және фарш. Сұраныс бәріне бірдей. Дегенмен, күніне әр кәуап түрінен 50 данадай шығарамын. Бауыр, қабырға және ет кәуаптарына сұраныс көп. Бұл кәуап түрлері аудан бойынша осы бізде ғана дайындалады десем артық айтпаймын деп ойлаймын. Өйткені, аудандағы абыройлы ресторан, кафелердің иелері менің кәуабымды ұнатып, тапсырыс береді немесе осында келіп құмары қанғанша жеп кетеді. Бұл мен үшін абырой, қуаныш. Көптеген кафе, ресторандарға (атын айтпай-ақ қояйын) шақырту түсті. Шымкент қаласынан да шақыртулар болды. Бірақ, маған өз ауылымда тұрып, әкемнің жанында болып, бала-шағамның ортасында жүріп, нан табу бақыт. Мейлі, аз табармын, мейлі көп табармын, ол несібе. Сондықтан, барша келушілерге, менің бастамамды қолдаушыларға алғысымды айтамын. Алдағы уақытта кеңейтіп, үлкен кафеге айналдыру жоспарымда бар. Сұраныс соны талап етуде. Ол жоспарларды уақыттың еншісінде қалдырдым. Көп естігеннен бір көрген артық қой. Келіп, дәм татуға барша оқырмандарыңызды шақырамын,- дейді 30 жастан енді асқан, үш баланың әкесі Бауыржан Сейдалиев мырза.
«Еңбектің наны тәтті» деген осы болса керек. Ерінбей еңбек еткен адам, табысқа һәм мұратқа жетері анық. Бауыржан мырзаның дәмді кәуабын жегеннен кейін, бізде шынайы пікірімізді айтып, тұрақты келушілеріне айналатын болдық. Шынында да, өте дәмді екен. Кейбір аудандағы кафелердің алдын орап тұрғанын жасырмаймын. Бауыржан ағамыздың алдағы жоспары орындалып, мақсатына жетуіне біз де бір кісідей тілекшіміз.

Пікір жазу