Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Мәжілісте қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен перспективалары қаралды

Мәжілісте қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен перспективалары қаралды

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісі өтті. Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар мен міндеттерді айқындау мақсатында ұйымдастырылған жиналыста қаланың ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен перспективалары қаралды.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов салықтық түсімнің орындалуы жөнінде баяндап, жоспарларға тоқталды.
Көрсеткіштермен танысқан Әзімбек Пазылбекұлы экономиканың өсім қарқынын бәсеңдетпеуді ескертті. Әсіресе, өнеркәсіп және өңдеу саласындағы шараларды күшейту қажеттігін атап өтті. Бюджет шығыстарының жоспарлануы, орындалу заңдылығын қадағалау тұрақты жалғасады.
Тұрақты, субсидияланатын және жаңа жұмыс орнын құру бағытында атқарылған жұмыстарды талдай келе шаһар басшысы жауаптыларға жұмыссыздық көрсеткішін белгіленген деңгейден асырмауды тапсырды.
— Қаладағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін түрлі қаржы ұйымдарының жеңілдетілген несие бағдарламаларын, қолдау шараларын тұрғындарға кеңінен түсіндіру қажет. Жобаға деп алынып, игерілмей тұрған бос жер учаскелерін зерделеңіздер. Сонымен қатар, тоқтап тұрған кәсіпкерлік субъектілері бойынша талдау жүргізілсін, — деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.
Құрылыс, жол, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің қызметі бойынша қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков баяндама жасады. Қала әкімі коммуналдық салада қызмет үздіксіз және кедергісіз атқарылуын қамтамасыз ету жайын қозғады. Қаланың кіре беріс аймақтарында түнгі жарықшамдарды түгелдеу, кәсіпкерлік нысандарынан тазалықты сақтауды талап ету, жарнамаларды бір үлгіге көшіру бойынша нақты тапсырмалар белгіледі.
Құрылыс саласына қатысты өзекті мәселелерді саралау барысында:
— Жобалардың құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлетін кезде оның қаржыландыру мен жүзеге асыру тетіктерін де ойластырған жөн. Мемлекеттің қаржысын желге ұшыруға жол берілмесін, — деп ескертті шаһар басшысы.
Мәжіліс қорытындысымен хаттама түзіліп, сала басшыларына тапсырмалар бекітілді.

Пікір жазу