
Конференцияның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа дәуір» атты үндеуін қолдау болды. Сонымен қатар, қатысушылар облыстық филиалдың басшылық органдарын қалыптастыру мәселесін қарастырды.
Ашық дауыс беру нәтижесінде партияның облыстық филиалының басшысы болып Нұрлан Әлішерұлы Толыбаев сайланды. Филиал басшысының мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси салада көп жылдық тәжірибесі бар. Жаңа басшы өз қызметінде филиалдың жұмысын үйлестіріп, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруды, азаматтармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Облыстық партия филиалының Саяси кеңес құрамына өңірдің шағын және орта бизнес, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, үкіметтік емес ұйымдар және экономиканың өзге де салаларының өкілдері енді. Бұл құрам өңірдің қоғамдық-саяси өмірі мен әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі бағыттарын қамтиды.

Осылайша, облыстық филиалдың басшылық органдарын қалыптастыру арқылы «Әділет» партиясының өңірлік құрылымын ұйымдастыру кезеңі толық аяқталды. Алдағы уақытта филиал өңір тұрғындарымен жүйелі жұмыс жүргізуге, партияның бағдарламалық бастамаларын іске асыруға, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға кіріседі.
© Didarbek.kz