Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ҚҰЛБЕК АЙТҚАН ЖАҚҚА ДУЛАТ БАРМАЙДЫ!

ҚҰЛБЕК АЙТҚАН ЖАҚҚА ДУЛАТ БАРМАЙДЫ!

«Не шықса да, Шымкенттен шығады» деген сөздің жаңа нұсқасын бүгін Ордабасы ауданындағы Жаңатұрмыс ауылында естіп қайттық. Онда қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының иегері, жазушы-драматург Дулат Исабеков кітапханасының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков ашып, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың «сәлемдемесі» мен аманатын жеткізіп болған соң, жерлес ағамызды іле шала құттықтаған қаламгерлер Еркінбек Тұрысов, Бексұлтан Нұржекеев, Мархабат Байғұт, Құлбек Ергөбек, Қасымхан Бегманов және Қазыбек Иса әзілдерін де ала келген екен. Әсіресе сыншы-әдебиетші Құлбек Ергөбектің айтқандары әсерлі шықты.

Иә, Бексұлтан Нұржекеев айтпақшы, «Не шықса да, Түркістан облысынан шығады» деуге әбден болады.

– Мынау дұрыс болды, жазушының көзі тірісінде оны құрметтеп, осындай кітапхана ашу деген. Ертең кетіп қалғанда да, бұл рухани орда өз жұмысын жалғастырып, жандана береді. Біз соған жетуіміз керек! – деп Құлбек Ергөбектің айтқаны сол еді, Мархабат Байғұт:
– Дулаттың ертерек кетуіне ме? – деп бір шымшып қойды.
Иә, жарасымды әзілмен бір-бірін түйреп отырған қатарлас, замандас қалам иелерінің сөздері салтанатты жиынды ерекше әдемі бояуға бояп жіберді.

Бүкіл қазақтың атын әлемге танытқан, бар қазаққа ортақ заңғар жазушымыз Дулат Исабековке құрмет көрсетудің ерекше үлгісін паш етіп, осынау игі істің басы-қасында жүрген бірқатар атқамінерлердің де аты аталды. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бейбіт Атамқұловты, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ислам Әбішевті, Ордабасы ауданының бұрынғы әкімдері Самат Сапарбаевты, Алмасбек Мамытбековті, Арыс қаласының бұрынғы әкімі Сейіт Ертайды еске ала отырып, төскейде малы, төсекте басы осылған қос ауданның тізгінін ұстап отырған қос әкім Мұрат Қадырбек пен Ғалымжан Үсенбаевқа деген елдің ризашылығы сезіліп тұрды.

Кітапхана әрі мұражай ретінде салынған үйде Дулат Исабековтің кітаптары мен алған марапаттары, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Жазушының жұмыс істейтін және демалатын бөлмелері де бар. Бұл жерде қазақ және әлем жазушылары мен ақындарының көптеген кітаптары бар. Жалпы саны 2500 кітапты жазушының өзі тарту еткен. Алдағы уақытта бұл кітапхана әлемнің әдебиет жауһарларымен толығатынына сенім мол.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде қолға алынған іс-шараға ел ағалары мен оқырман қауым ризашылығын білдіріп болған соң, Дулат Исабеков өзіне құрмет көрсеткен жерлестері мен оқырман қауымға, облыс басшылығына алғысын сезімін жеткізіп, әлі де болса қазақ әдебиетіне үлес қоса беретініне сендіріп, Құлбек айтқан жерге асығыс еместігін айтып қойды.

 

(Ә.Ә.)

Аят Әссандидің фоторепортажы

Пікір жазу