Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Отырар ауданының әкімі газдандыру ісіне жауапты мекеме басшыларының есебін тыңдады

Отырар ауданының әкімі газдандыру ісіне жауапты мекеме басшыларының есебін тыңдады

Отырар ауданы әкімдігінің күн тәртібінде  елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету ең маңызды мәселе. Осы орайда аудан басшысы Ерлан Айтаханов газдандыруға қатысты нақты атқарылып жатқан тірліктердің барысын қадағалау мақсатында Шәуілдір ауылындағы Д.Тастанбеков және Д.Сарықұлов көшелеріне арнайы барып, жұмыс жағдайын бағамдады. 


Ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге арналған жұмыс қызу үстінде. Мердігер мекеме жұмысшыларының ісімен танысқан аудан басшысы  халықтың қолына жүз пайыз табыс етілгенге дейін шын жанашырлықпен дер кезінде және сапалы атқару қажет екендігін, құбыр жүргізу мақсатында қазылған шұңқырларды қайта тегістеу кезінде топырақтардың талапқа сай нығыздалып,  тұрғындарға қолайсыздық тудырмауды талап етті.
Сонымен қатар,  газ құбыры тартылған әрбір үйге  техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды түсіндіру мәселесін де тапсырды.
Бірқатар орындарды аралап, жұмыс барысын таразылап шыққан аудан әкімі құрылыс жұмыстарына байланысты техникалық кеңестің жиынын өткізіп,  тиісті сала және мердігер мекемелердің басшыларының есептерін тыңдады. Шәуілдір және Темір ауылдарының газ құрылысына жауапты  мердігер мекеме басшылары тиісті жұмысты қараша, желтоқсан айларында толық аяқтаймыз деген пікір танытты. Басшылар болжамына  қанағаттанбаған аудан басшысы газдандыру жұмысын қазан айына дейін толық аяқтауды міндеттеді.


Жұмысты жүйелендіру мақсатында ауыл округін кварталға бөліп, сол бойынша әр басталған аумақты соңына дейін мінсіз аяқтауды жүктеді. Сонымен қатар Шәуілдір және Темір ауыл округтерінің  әкімдеріне көрсетілген мерзімге дейін ішкі жүйе  жұмыстарының кем дегенде 70 пайызының атқарылуын, өндірістік кестені қайта бекітуді де қоса тапсырды.
Техникалық кеңес жиынында  газдандыру жұмысы жаңадан басталғалы жатқан Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Ақтөбе, Ш.Қалдаяқов ауылдарындағы үйлердің  ЖСҚ-ға толық енуін, Қостерек, Арыс (Ақтам) елдімекендерін ауыз сумен қамту жұмыстардың сапалы орындалуын, өндірістік кестені  бекітуін ауыл округінің әкімдері мен мердігер мекеме басшыларының күн тәртібіне қойып, нақтылады.
Жиын барысында Отырар төбе мен Арыстанбаб кесенесінің алдын абаттандыру жұмыстарын іске асыратын мердігер мекеме өкілдері де есеп берді. Аудан әкімі бұл орындардың киелі де қасиетті екендігін ескеріп, атқарылуға тиісті жұмыстарды туризм орталығына сай келетіндей етіп, толыққанды орындау қажеттігін айтып, барлық жұмыстардың өз деңгейінде атқарылуы үшін тікелей өзі қатаң қадағалауға алатынын айтты.

 

Пікір жазу