Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » ШӘМШІ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛДЫ

ШӘМШІ ӘНДЕРІ ШЫРҚАЛДЫ

Бүгін Отырар ауданында дүниеге келген аса көректі сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманның қазақ эстрадасының негізін қалаушы, Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні.


Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған  Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауына қатысушылар мен мәдениет майталмандары, зиялы қауым өкілдері «Шәмші әлемі» гүлзарында композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Даңқты композиторды еске алуға арналған жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов пен шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі қатысып, үзік сырларымен бөлісті. Шара мәдениет майталмандарының концерттік бағдарламасына ұласты.


Ұлы композитордың төл мерекесі Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының ашылу салтанатына ұласты.
Өнер додасына іріктеуден өткен 21 үміткер қатысып, Шәмші әндерін шырқауда.
Жеңімпаздарды марапаттау және Гала-концерті кешкі сағат 19.00-де «Түркістан сарайы» концерттік ұйымында өтеді. Кешке ҚР еңбек сіңірген әртісі Құрманбек Шойынбаев, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі,  ҚР Мәдениет қайраткерлері Айжан Тәженова, Хадиша Шалабаева, дәстүрлі әншілер Наркенже Серікбаева, Ақмарал Биназарова, Гүлдана Мақатаева  және «Қазына», «Фараб», «Тұмар» би ансамбльдері қатысады.


Байқаудың мақсаты — композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап, кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып, оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу болып табылады.
Ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген тұлғаның елге, жерге, Отан мен ата-анаға деген сүйіспеншілік композитор шығармаларының басты тақырыбы болса, соның ішінде, «Менің елім», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Өмір-өзен» сынды көптеген әндері елдің жырына айналған.


Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар. Байқаудың биылғы жетістігі ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Кел, Бурабайға», «Байқоңыр», «Келін келді», «Көккөлдегі кештер-ай», «Егіз мақта», «Ғашық күндер» және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған «Тыңда мені, достарым» сынды әндер бар.

 

 

Асхат Әссандидің фоторепортажы

Пікір жазу