Бүгін ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысы әкімінің өкімімен Қайрат Нүкенов Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа орынбасардың жұмысына сәттілік тілеп, актив алдында таныстырды. Өз кезегінде Қайрат Нүкенов жауапты қызметті сеніп тапсырған өңір басшысына алғысын білдіріп, өз міндетін барынша адал атқаратынын жеткізді.
Қайрат Теміршотұлы Нүкенов 1970 жылғы 15 қыркүйекте Павлодар облысы, Железин ауданы, Захаровка ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Железин орта мектебін бітіріп, еңбек жолын «Железин» кеншарының мал шаруашылық кешенінде жұмысшы ретінде бастады. 1988-1990 жылдар аралығында әскери қызметін өтеді. Әскерден кейін «Трестжилстрой» шаруашылық есепті жастар бірлестігінде экспедитор болып істеді. 1992 жылдан бастап коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарын атқарды. 2002 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы Сібір мемлекеттік автомобиль жолдары академиясын «Экономика және кәсіпорындардағы басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы П.А. Столыпин атындағы Омбы аграрлық университетін «Жеміс-көкөніс және жүзім шаруашылығы» мамандығы бойынша тәмамдады. 2012-2013 жылдар аралығында Железин ауданының әкімі, 2013 жылы Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы болды. 2014 жылдың маусым айынан бастап Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі, 2016 жылдың сәуірінен бастап Екібастұз қаласының әкімі болып қызмет атқарды.