Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Түркістан облысына жұмыс сапарында өткен жиында аумақтық атқарушы органдарды көшіру, өңірдегі қазіргі жағдай және өңірді дамытудың қолда бар перспективалары туралы бейінді министрліктердің өкілдері баяндады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметіне сілтеме жасаған didarek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Министрліктің аумақтық бөлімшелері әділет органдарында мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеуден өткенін айтты. 25 шілдеде ҚР Қаржы министрлігі құрылымдарының өкілдері Түркістанға көшірілді. Қазіргі таңда Түркістанда облыстық департаменттердің өкілдері жұмыс істейді: 8 — мемлекеттік кірістер комитеті, 4 — ішкі мемлекеттік аудит комитеті, 5 — қазынашылық комитеті, 2 — мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Олар уақытша Түркістан МКБ ғимаратында орналасқан.
Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев, инвестициялар және даму вице-министрі Қ. Өскенбаев, энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев, мәдениет және спорт вице-министрі Е. Қожағапанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова, ішкі істер вице-министрі Б. Бисенқұлов, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А. Айдарбаев орын ауыстыру барысы туралы пікір білдірді.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин бүгінде сәулетшілер қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамытудың 22 жобасын әзірлегеннін атап өтті. Қыркүйек айының соңына дейін Бас жоспардың тұжырымдамасын бекіту туралы шешім қабылданады. Бекітуден кейін, Бас жоспарды дайындауға байқау жарияланады, ол екі кезеңнен тұрады: 2035 жылға дейін және 2050 жылға дейін.
Кеңес барысында өңірді дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде «Қазқалақұрылыс» жобалық институтының бас сәулетшісі Т. Ерәлиев айтып берді. Айлық мерзімде сарапшылар тобы барлық байқау жұмыстарын жинап, қарауға қабылдады.