Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Бақытжан Сағынтаев тарихи-мәдени этнографиялық орталықты тексеру барысында Түркістан облысы мәслихаты мен әкімінің аппаратын орналастыру жағдайымен танысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі. Айта кету керек, бүгінде өңірде 688 мәдениет және өнер мекемесі бар: 390 кітапхана, 249 мәдениет үйі, 25 музей және т. б.
Облыстық музейде Қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы жобасының таныстырылымы өтті. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың үздік тұжырымдамасына ашық халықаралық байқау жарияланды. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу мақсатында үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. 11 шілдеден бастап 11 тамызға дейін байқауға Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Өзбекстанның қала құрылысшылары мен 35 отандық, 7 шетелдік сәулетшілер қатысты. Ұсынылған жобалар көрмесі Түркістанда 17–20 тамыз аралығында өтуде. Осы кезеңде комиссия мүшелері бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын анықтауы тиіс.
Еске сала кетейік, Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барды.