Төлеби ауданда қора-жайлар мен оларға жапсарлас аумақтар, мал иірімдер мен суаттарды күзгі кенеге қарсы дәрілеу жұмысын жүргізуде, деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Дәрілеу жұмыстарын төлеби аудандық ветеринария бөлімі жүргізді. Мұндағы негізгі мақсат – үй малының энзоотиялық ауруларының алдын алу.
Төлебиде энзоотиялық іс-шаралар бойынша 80475 (жоспар: 90663) бас ірі қара мен жылқы кенеге қарсы дәрі бүркілді. 209149 (жоспар: 241496) уақ мал арнайы сұйықтыққа тоғытылды.
Сондай-ақ, 2 056 090 ш/м үй іргелік қора-жайлар мен оларға жапсарлас аумақтар, 450250 ш/м мал иірімдер мен суаттар залалсыздандырылды.
Айта кетейік, төрт түлік арасындағы қауіпті аурулардың алдын алу жұмысына 100-ден аса маман атсалысуда. Залалсыздандыру аудандағы Леңгір қаласы мен 12 ауылдық округ аумағында жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 1 тамызынан басталған күзгі залалсыздандыру шараларын 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда.